Абай атындағы ҚазҰПУ-да білім беруде жерді қашықтан зерделеуді қолдану мәселелеріне арналған ғылыми семинар өтті

Абай атындағы ҚазҰПУ-да білім беруде жерді қашықтан зерделеуді қолдану мәселелеріне арналған ғылыми семинар өтті

2026 жылғы 9 сәуір күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Ғылым онкүндігі аясында «Географиялық білім берудің цифрлық трансформациясы: ГАЖ және Жерді қашықтан зерделеу технологияларын қолданудың әдістемесі» тақырыбында ғылыми семинар өтті.

Аталған іс-шара AP23487595 «Мектеп географиясында Жерді қашықтан зерделеу (ЖҚЗ) материалдарын қолдану дағдыларын дамытуға бағытталған әдістемелік әзірлемелерді дайындау» ғылыми жобасы аясында ұйымдастырылды. Семинар географиялық білім беруді цифрландыру, заманауи технологияларды оқу үдерісіне енгізу және ғылым мен білімнің өзара ықпалдастығын арттыру мәселелеріне арналды.

Семинарға еліміздің жетекші жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу ұйымдары және білім беру мекемелерінің өкілдері қатысты. Іс-шара офлайн және онлайн форматта өткізіліп, ғылыми қауымдастық арасында кең ауқымды кәсіби диалог алаңына айналды.

Семинар Абай атындағы ҚазҰПУ, География және экология кафедрасының меңгерушісі, PhD, қауымдастырылған профессор Алиасқаров Думан Тоқтарұлының модераторлығымен жүргізіліп, онда жетекші ғалымдар мен мамандар мазмұнды баяндамалар жасады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Картография және геоинформатика кафедрасының меңгерушісі, PhD, қауымдастырылған профессор Асылбекова Айжан Асылбекқызы жоғары білім беру жүйесінде геоақпараттық жүйелерді енгізу тәжірибесін таныстырып, студенттердің цифрлық құзыреттерін қалыптастыру мәселелеріне тоқталды. Осы университеттің Инжиниринг және жоғары технологиялар кластерінің бас директоры Тәукебаев Өміржан Жалғасбекұлы университеттік ғылым мен білімнің ГАЖ және ЖҚЗ бағыттары бойынша интеграциясын талдап, инновациялық зерттеулерді оқу үдерісімен ұштастырудың маңызын көрсетті.

Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығының аға ғылыми қызметкері, PhD Асет Сагатбековна Егізбаева өз баяндамасында геокеңістіктік деректер негізінде гидроклиматтық жүйелер динамикасын зерттеу әдістерін ұсынып, ғарыштық мониторингтің ғылыми әлеуетін ашып көрсетті. Алматы облысындағы белсенді география пәні мұғалімдерінің бірі Сарқытбаев Абылай Абдуллаевич жалпы орта білім беру жүйесінде ГАЖ технологияларын қолданудың мүмкіндіктерімен қатар, практикалық қиындықтарға да назар аударды.

География және су қауіпсіздігі институтының ғылыми қызметкері Жанерке Мейрханқызы Шарапханова сандық бедер модельдері негізінде жер бедерінің морфометриялық сипаттамаларын бағалау әдістерін түсіндірсе, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің докторанты Айтолқын Нұржанқызы Бопиева мұғалімдердің ЖҚЗ материалдарын қолдану бойынша біліктілігін арттыру мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, Абай атындағы ҚазҰПУ докторанты Жанболат Нұрмағамбетұлы мектеп географиясында қашықтан зерделеу материалдарын тиімді қолданудың әдістемелік жолдарын ұсынды.

Семинардың қорытынды бөлімінде қатысушылар арасында белсенді пікір алмасу өтіп, көтерілген мәселелер жан-жақты талқыланды. География және экология кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Лайсханов Шахислам Ұзақбайұлы ғылыми жобаның кезеңдері мен негізгі нәтижелері туралы атап өтті. Қатысушылар географиялық білім беруді цифрландыру бағытындағы ғылыми зерттеулердің өзектілігін ескере отырып, ГАЖ және ЖҚЗ технологияларын білім беру жүйесіне кеңінен енгізу қажет деген қорытындыға келді

Өткізілген ғылыми семинар заманауи цифрлық технологияларды білім беру үдерісіне енгізу, ғылыми тәжірибе алмасу және салааралық ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан маңызды алаң ретінде жоғары бағаланды.

Артқа қайту