14.01.2026
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУДЕГІ ЖАҢА БЕТБҰРЫС
Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, бұл бастаманы ел өркениетін стратегиялық дамытудың маңызды қадамы ретінде бағалады. Қазіргі уақытта жасанды интеллект түрлі сала бойынша қолданысқа енгізіліп, түрлі технологиялық мүмкіндіктерге жол ашты. Білім беру саласына да тың серпін беріп, оқу үдерісін инновациялық тәсілдер арқылы жаңарта бастады.
Осындай өзекті міндеттер аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Қысқы мектеп – 2026: Педагогикалық білім беруді жаңарту және зерттеушілік дағдыларды дамыту» жобасы шеңберінде «Цифрландыру, автоматтандыру, трансформация» тақырыбында стратегиялық сессия ұйымдастырылды. Басқосу – университеттің цифрлық даму бағытын айқындап, жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне жүйелі енгізудің басымдықтарын айқындаған алаңға айналды.
Стратегиялық
сессияны университеттің Басқарма Төрағасы-Ректоры
Болат Тілеп ашып, проректорлар, факультет декандары мен профессор-оқытушылар
құрамына арналған мазмұнды дәріс оқыды. Өз баяндамасында ректор қазіргі кезеңде
білім сапасын қамтамасыз ету педагогтың басты миссиясы екенін атап өтті. Оның
айтуынша, ең озық технологиялардың өзі мұғалімнің кәсіби болмысын, құндылықтары
мен жинақтаған тәжірибесін алмастыра алмайды. Осы тұрғыда жасанды интеллект
ұстаз еңбегін толықтырып, кәсіби мүмкіндіктерді
кеңейтетін тиімді құрал ретінде қарастырылуы тиіс.
Болат Анапияұлы әлемдік тәжірибеде білім берудің жаңа моделі қалыптасып келе жатқанын тілге тиек етті. Соның негізінде оқытуды жекешелендіру, инклюзивтілік, уәжді әрі мағыналы оқу, сондай-ақ метакомпетенцияларды дамыту секілді басым бағыттар жатқанын жеткізді.
Стратегиялық сессия барысында жасанды интеллектіні кеңінен қолдану деректердің қауіпсіздігі, әділдік, ашықтық, оқытушылардың даярлық деңгейі сияқты өзекті мәселелерді де күн тәртібіне шығарды. Сонымен қатар адам мен жасанды интеллекттің біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуі, білім беру аналитикасының рөлінің артуы және операциялық модельдерді жаңа жағдайға бейімдеу қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Ректор өз баяндамасында бүгінгі педагогтың рөліне де арнайы тоқталды. Оның пікірінше, қазіргі мұғалім – тек білім таратушы ғана емес, оқу үдерісін жобалайтын архитектор, кеңесші әрі тәлімгер. Осыған байланысты цифрлық және AI сауаттылығы деректер мен алгоритмдерді түсінуден бастап, этикалық жауапкершілік, жүйелік ойлау, тиімді коммуникация және инновацияға ашықтықты қамтитын кешенді құзыреттер жиынтығы ретінде қалыптасуы тиіс. Жиын соңында университет ректоры Болат Тілеп жасанды интеллект бағытындағы университеттің ұстанымына тоқталды.
«Мен жасанды интеллектке қатысты барлық оқу курстарына қатысып, үнемі үйренуге талпынып жүрмін. Қазіргі таңда бұл салада белгілі бір деңгейге жеттім деп айта аламын. ІТ саласы бойынша мамандық даярлайтын университет ретінде біз алдыңғы қатардан көрінуіміз керек. Біз тек пайдаланушы емес, технология өндіретін оқу орны болуға тиіспіз. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, дәл қазір әрекет етуіміз қажет. Бүгін қалай бастасақ, ертең еңбегіміздің жемісін солай көреміз.
Біз – тұңғыш университетпіз. Біз – қазақ
қоғамының Қарашаңырағымыз. Бізде тарих бар.
Бізде даңқ бар. Алдыңғы әріптестеріміз
жасаған жетістіктерін біз әлі азық етіп келеміз.
Ашық айтуымыз керек. Дәл қазір осындай кезеңде біз кеш
қалып қалмауымыз қажет. Білек
пен найза керек кезде ешкімге дес бермеген халықпыз, ал енді білім мен айла
керек кезде кеш қалып жүрмейік, – деп сөзін қорытындылады.
Стратегиялық сессия жұмысына Инновация бойынша директор, innoforce.kz компаниясының өкілі Санжар Аубакиров та қатысып, жасанды интеллект турасында баяндама жасады. Ол цифрландыру, автоматтандыру және трансформация ұғымдарының айырмашылығын нақты мысалдар арқылы түсіндіріп, қатысушыларға олардың білім беру процесіндегі рөлі мен маңызын көрсетті. Оның айтуынша, цифрландыру – ақпаратты сандық форматқа көшіру, автоматтандыру – қол еңбегін бағдарламамен алмастыру, ал трансформация – процестердің өзін, рөлдер мен шешім қабылдау тәсілін түбегейлі қайта қарау екен.
Жиын соңында қатысушылар стратегиялық мәселелерді талқылап, өз ойларын білдіріп, жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне саналы әрі жауапты түрде енгізу жолдарын талқылады. Абай университетінің интеллектуалды білім беру экожүйесін қалыптастырудағы ортақ мақсаттары айқындалды.
«Abai University» медиа орталығы