20.11.2026
Университет түлегі 100 жылдыққа тарту жасады
Қараша айының соңғы он күндігінде филология ғылымдарының докторы, профессор, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері Орда Гүлжаһан Жұмабердіқызы қарашаңырақта қонақта болды. Мәртебелі қонақтың құрметіне Филология факультеті «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы 2-курс студенттерінің ұйымдастыруымен «Ғалым. Ұстаз. Қайраткер» атты әдеби-танымдық кездесу өтті.

Еркін форматта өрбіген жиында Гүлжаһан Жұмабердіқызының өмірлік және кәсіби белестері кеңінен баяндалды. Атап айтқанда, ғалымның 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтығы мен тағдыр сынақтарына қарамастан білім мен ғылым биігіне көтерілген тұлғаның өмірбаяны қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.
Сондай-ақ профессор Гүлжаһан Жұмабердіқызы өзі білім алған білім ордасының 100 жылдық мерейтойына орай, студент-жастарға өзінің елуден аса құнды ғылыми еңбектері мен ұжымдық монографияларын тарту етті.