19.11.2026
81-ші студенттер мен магистранттардың ғылыми конференциясы өтті!
2026 жылғы 18–19 қараша күндері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Педагогика және психология факультеті, «Жалпы және қолданбалы психология» кафедрасында студенттер мен магистранттардың 81-ші ғылыми конференциясы аясында студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары (СҒЗЖ) өткізілді.
Аталған ғылыми іс-шара Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі бекіткен жоғары оқу орындары студенттерінің жыл сайынғы ғылыми-зерттеу жұмыстары конкурсын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі ұсынымдарға сәйкес ұйымдастырылды.
*18 қараша күні* сағат 11:00-де конференция жұмысы бакалавриаттың қазақ бөлімінде (№5 аудитория) және орыс бөлімінде (№7 аудитория) өтті. Ал *19 қараша күні* сағат 11:00-де магистранттардың ғылыми-зерттеу жұмыстары (№5 аудитория) тыңдалды.
Конференция барысында бакалавриат студенттері мен магистранттар өздерінің ғылыми зерттеу нәтижелерін таныстырып, психология ғылымының өзекті мәселелері бойынша баяндамалар жасады. Қатысушылар зерттеу тақырыптарының өзектілігін, ғылыми жаңалығын, теориялық және практикалық маңыздылығын негіздеп, өзара пікір алмасты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – білім алушылардың ғылыми-зерттеу әлеуетін дамыту, зерттеушілік құзыреттіліктерін қалыптастыру, ғылыми ізденіске деген қызығушылығын арттыру және жас зерттеушілерді қолдау.
Осындай ғылыми алаңдар студенттер мен магистранттардың ғылыми ойлау қабілетін жетілдіруге, зерттеу мәдениетін қалыптастыруға және психология ғылымының дамуына өз үлестерін қосуға мүмкіндік береді.