16.11.2026
Абай атындағы ҚазҰПУ ғалымдары Таразда өткен халықаралық конференцияға қатысты
2026 жылғы 13 қарашада Тараз қаласындағы М.Х. Дулати атындағы университетте «AI педагог: Білім берудегі цифрлық шешімдер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференция білім беру саласындағы жасанды интеллект мүмкіндіктерін, цифрлық шешімдерді енгізу жолдарын және заманауи педагогтің кәсіби мәртебесін талқылауға арналды.
Университет ректорының құттықтау сөзінен кейін пленарлық отырысты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ҚР ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Фаузия Шәмсиқызы Оразбаева ашты. Академик «Заманауи ұстаз мәртебесі: дәстүр және инновация» тақырыбында баяндама жасап, дәстүрлі педагогикалық құндылықтар мен инновациялық білім беру тәсілдерінің сабақтастығына тоқталды.
Конференцияға халықаралық білім беру ұйымдарының өкілдерімен қатар Абай атындағы ҚазҰПУ-дың PhD докторы, қауымдастырылған профессор м.а. Меруерт Амантайқызы Иманқұлова да қатысты. Ол пленарлық отырыста ғылыми баяндама жасап, білім беру үдерісінде заманауи цифрлық технологияларды қолданудың өзекті мәселелерін таныстырды.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция педагогикалық ғылым мен білім беру тәжірибесіндегі өзекті мәселелерді талқылауға, ғылыми-академиялық байланыстарды нығайтуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік берді.
Абай атындағы ҚазҰПУ ғалымдарының конференцияға қатысуы университеттің ғылыми әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға, педагогикалық инновацияларды дамытуға және халықаралық ғылыми-академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етті.