05.11.2026
ПЕДАГОГИКА ЖӘНЕ ПСИХОЛОГИЯ КАФЕДРАСЫНЫҢ МАГИСТРАНТЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПРАКТИКА АЯСЫНДА АШЫҚ САБАҚ ӨТКІЗДІ
7М011 – «Педагогика және психология» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранты Хамзина Қ.Ғ. педагогикалық практика аясында 6В01109 – «Психология» (ІР) білім беру бағдарламасының 2-курс (3 жылдық оқу нысаны) студенттеріне «Педагогиканы оқыту әдістемесі» пәні бойынша «Білім алушылардың оқу жетістіктерін бақылау және диагностикалау әдістерін қолдану» тақырыбында практикалық сабақ өткізді.
Практикалық сабақтың ұйымдастырылуы мен өткізілу барысы магистранттың алдын ала жүйелі дайындық жүргізгенін, оқу мақсаты мен міндеттерін нақты айқындағанын көрсетті. Сабақ мазмұны ғылыми-әдістемелік тұрғыдан негізделіп, білім алушылардың теориялық білімдерін тереңдетуге және оларды практикалық жағдаяттарда қолдану дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.
Сабақ барысында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен белсенді оқыту әдістері тиімді үйлестіріліп, білім алушылардың танымдық белсенділігін арттыруға, өзара ынтымақтастығын дамытуға және сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын жетілдіруге жағдай жасалды. Сонымен қатар, топтық жұмыс формаларын қолдану арқылы студенттердің өз пікірлерін еркін білдіруіне, ортақ шешім қабылдауына және бірлескен әрекет арқылы оқу міндеттерін орындауына мүмкіндік берілді.
Атап айтқанда, ойын технологиялары негізінде топқа бөлу, «Білім клиникасы» тұжырымдамасына негізделген топтық тапсырмалар мен сөзжұмбақтарды қолдану сабақтың әдістемелік мазмұнын байытып, білім алушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырды. Ұсынылған тапсырмалар оқу жетістіктерін бақылау мен диагностикалаудың теориялық негіздерін тәжірибе жүзінде меңгеруге, бағалау әдістерін қолдану ерекшеліктерін түсінуге және педагогикалық шешім қабылдау дағдыларын дамытуға ықпал етті.
Жалпы алғанда, магистрант Хамзина Қ.Ғ. практикалық сабақты жоғары әдістемелік деңгейде ұйымдастырып, оқытудың заманауи тәсілдерін орынды қолдана білді. Сабақ барысында магистранттың кәсіби құзыреттілігі, педагогикалық шеберлігі, шығармашылық ізденісі және білім алушылармен тиімді педагогикалық қарым-қатынас орнату қабілеті байқалды.
Пән оқытушысы: п.ғ.к., Абай атындағы ҚазҰПУ
қауымдастырылған профессоры Т.Н. Жундыбаева.