Болашақ дінтанушылар Орталық мешітте танымдық-тәжірибелік сабаққа қатысты

Болашақ дінтанушылар Орталық мешітте танымдық-тәжірибелік сабаққа қатысты

2026 жылғы 10 қарашада Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Тарих және құқық факультетіндегі Гуманитарлық ғылымдар кафедрасының «Дінтану» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері Алматы қаласындағы Орталық мешітке танымдық-тәжірибелік сапар жасады.

Танымдық-тәжірибелік сабақ Гуманитарлық ғылымдар кафедрасының PhD докторы, қауымдастырылған профессоры (доцент) Орынбеков Нұрлан Аманғазыұлының жетекшілігімен ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты - болашақ дінтанушылардың теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыру, олардың діни институттардың қызметі туралы түсініктерін кеңейту және кәсіби даярлығын жетілдіру.

Сапар барысында студенттер мешіттің қызметімен, діни рәсімдердің өткізілу ерекшеліктерімен және мешіттің қоғамдағы рухани-ағартушылық рөлімен танысты.

Кездесу барысында Қуаныш ұстаз студенттерге мешіттің діни-ағартушылық қызметі, исламдағы құлшылық дәстүрлері, діни білім мен рухани тәрбие мәселелері жөнінде түсінік берді. Сонымен қатар, діни сауаттылықтың маңызы, ислам құндылықтары мен қазақ халқының ұлттық дәстүрлерінің сабақтастығы туралы пікір алмасты.

Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, дінтану ғылымы аясында қарастырылатын теориялық мәселелерді діни тәжірибемен салыстыра талқылауға мүмкіндік алды.

Мұндай танымдық-тәжірибелік сабақтар болашақ дінтанушылардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруға, діни құбылыстарды ғылыми тұрғыдан зерделеу дағдыларын дамытуға және теориялық білімді нақты тәжірибемен байланыстыруға ықпал етеді.

        

Артқа қайту