Акдениз университетінде Абай университеті докторанттарының ғылыми тағылымдамасы өтті

Акдениз университетінде Абай университеті докторанттарының ғылыми тағылымдамасы өтті

2026 жылғы 5 қазан мен 4 қараша аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Өнер факультеті, 8D01402 – «Музыкалық білім» білім беру бағдарламасының докторанттары Салтанат Таспаева, Назгуль Айнабекова және Канат Амирханов Түркия Республикасының Анталия қаласындағы Акдениз университетінде (Akdeniz University) бір айлық халықаралық ғылыми тағылымдамадан өтті.

Ғылыми тағылымдаманың негізгі мақсаты – докторанттардың ғылыми-зерттеу құзыреттілігін жетілдіру, музыка педагогикасы саласындағы халықаралық тәжірибені зерделеу, диссертациялық зерттеулер аясында ғылыми байланыстар орнату және академиялық ынтымақтастықты дамыту.

Тағылымдама Акдениз университетінің Өнер факультеті мен Музыка бөлімі базасында ұйымдастырылды. Бағдарлама аясында докторанттар университеттің профессор-оқытушылар құрамымен кездесіп, музыкалық білім беру жүйесінің ерекшеліктерімен, оқу үдерісін ұйымдастыру тәжірибесімен және ғылыми-зерттеу бағыттарымен танысты. Сонымен қатар ғылыми кеңестерге, практикалық сабақтарға, шеберлік сағаттарына және мәдени-ағартушылық іс-шараларға қатысты.

Халықаралық ғылыми конгреске қатысу

2026 жылғы 9–11 қазан аралығында докторанттар Түркияның Сиде қаласында өткен III Халықаралық ғылым, технология және өнер конгресіне (III International Science, Technology and Art Congress) қатысып, өздерінің диссертациялық зерттеу бағыттары бойынша ғылыми баяндамалар жасады.

Ғылыми басқосуда музыка педагогикасы, болашақ педагог-музыканттарды кәсіби даярлау, этномәдени құндылықтарды сақтау және білім беру үдерісіндегі инновациялық тәсілдер мәселелері қарастырылды. Конгресс халықаралық ғылыми пікір алмасуға, зерттеу нәтижелерін талқылауға және шетелдік ғалымдармен кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.

Музыкалық білім және мәдениетаралық ынтымақтастық

Ғылыми тағылымдаманың маңызды бағыттарының бірі Қазақстан мен Түркия арасындағы музыкалық-мәдени байланысты нығайту болды.

2026 жылғы 28 қазанда Акдениз университетінің Мәдениет және өнерді зерттеу және қолдану орталығының (KÜSAM) ұйымдастыруымен «Bozkırın Nefesi: Dombıranın Sesi ile Kültür Buluşması» («Дала тынысы: домбыра үні арқылы мәдениеттер кездесуі») атты мәдени-музыкалық іс-шара өтті.

Аталған іс-шараға Абай университетінің докторанттары қатысып, қазақ халқының музыкалық мұрасын, ұлттық өнер дәстүрлерін және домбыра мәдениетін таныстыруға үлес қосты. Іс-шара Қазақстан мен Түркия арасындағы рухани және мәдени байланыстарды тереңдетуге бағытталды.

Тағылымдама барысында докторанттар музыкалық орындаушылық, оқыту әдістемесі және мәдениетаралық коммуникация бағыттарындағы іс-шараларға қатысып, түркиялық әріптестермен тәжірибе алмасты.

Ғылыми тағылымдаманың нәтижелері

Бір айлық ғылыми тағылымдама докторанттардың кәсіби және ғылыми тәжірибесін кеңейтуге, диссертациялық зерттеулерінің теориялық және әдістемелік негіздерін жетілдіруге ықпал етті.

Бағдарлама барысында халықаралық академиялық ортада зерттеу жүргізу тәжірибесі жинақталып, музыка педагогикасының өзекті мәселелері бойынша ғылыми пікір алмасу жүзеге асырылды.

Тағылымдама қорытындысында докторанттарға Акдениз университетінің тиісті құжаттары берілді.

Аталған ғылыми тағылымдама Абай университетінің халықаралық академиялық байланыстарын дамытуға, докторанттардың ғылыми әлеуетін арттыруға және Қазақстан мен Түркия арасындағы білім, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосты.

Артқа қайту