06.11.2026
«Қазақстан Республикасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және цифрлық құқықтар» тақырыбында құқық қорғау органдары қызметкерлерімен кездесу өткізу туралы ақпарат
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» орталығының атынан заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Сералиева А.М. және аға оқытушы Абдықалықов А.У. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауының қоғамда «Заң және тәртіп» қағидатын жан-жақты орнықтыруға бағытталған негізгі ережелерін іске асыру аясында, сондай-ақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің № 0126РКИ0173 ішкіуниверситеттік гранты шеңберінде жүзеге асырылып жатқан «Қазақстан Республикасындағы цифрландыру және конституциялық реформалар жағдайында жоғары білім беру студенттерінің білім беру ортасындағы этносаралық келісімнің қазақстандық моделі» атты ғылыми жоба (2026 жылғы 21 мамырдағы № 05-04/568) аясында құқық қорғау органдары өкілдерімен кездесу ұйымдастырды.
Кездесу тақырыбы: «Қазақстан Республикасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және цифрлық құқықтар».
Өткізілген күні мен орны: 2026 жылғы 6 қараша, сағат 11:00, Алматы қаласы, Жамбыл көшесі, 25.
Іс-шараға құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты: Абданбаева Г.А. – Алматы қаласы Полиция департаменті Түрксіб ауданы Полиция басқармасының аға анықтаушысы, полиция подполковнигі; Даетова А.А. – Қазақстан Республикасы ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының докторанты (PhD), полиция подполковнигі; Баймаханов Артур Алишерович – «Өрлеу» инновациялық технологиялар орталығы» компаниясының атқарушы директоры, PhD докторы, әділет кеңесшісі.
Кездесу барысында қазіргі қазақстандық қоғамдағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, жастардың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын нығайту, сондай-ақ цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында заңдылықты сақтау мәселелері талқыланды.
Азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау, интернет кеңістігіндегі құқық бұзушылықтардың алдын алу, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл, цифрлық платформалар мен ақпараттық технологияларды пайдалану барысында адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Құқық қорғау органдарының өкілдері өздерінің кәсіби қызметіндегі практикалық тәжірибелерімен бөлісіп, құқық бұзушылықтарды анықтау мен алдын алудың ерекшеліктерін түсіндірді, сондай-ақ кездесуге қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Аталған іс-шара студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға деген жауапкершілігін қалыптастыруға, цифрлық мәдениетін дамытуға және білім беру ортасында «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыруға бағытталған.
Сонымен қатар, кездесу университет пен құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, құқықтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, цифрлық құқықтарды қорғау және қазақстандық қоғамды цифрландыру жағдайында этносаралық келісімнің тұрақты моделін қалыптастыру мәселелері бойынша ғылыми-практикалық диалогты дамытуға ықпал етеді.