27.10.2026
Архивпен жүздесу: болашақ тарих мұғалімдерінің тарихи деректермен жұмыс тәжірибесі
2026 жылғы 27 қазанда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 7M01601 – «Тарих» білім беру бағдарламасының 1-курс магистранттары «1920–1930 жж. әлеуметтік трансформация және күнделікті өмір» курсы аясында Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивіне барды.
Кездесу барысында архив директорының орынбасары Сарыбаева Шынар Алдабергенқызымен және архив қызметкерлерімен мазмұнды әңгіме өрбіп, магистранттар архив қорларында сақталған аудиовизуалды құжаттардың тарихи зерттеулердегі маңызымен танысты. Архивте сақталған Түрксіб теміржолының құрылысы, индустрияландыру мен ұжымдастыру кезеңі, Қазақстанның қоғамдық-саяси және мәдени өмірі туралы кинохроникалар, фотосуреттер мен дыбыс жазбаларының тарихи зерттеулердегі және өткен дәуірдің күнделікті өмірін тарихи реконструкциялаудағы маңызына назар аударылды.
Мұндай тәжірибелік кездесулер болашақ тарих педагогтерінің тарихи деректерді іздеу, сыни тұрғыдан талдау және оларды ғылыми зерттеулер мен тарихты оқыту үдерісінде тиімді қолдану дағдыларын дамытуға ықпал етеді.
Кездесуді ұйымдастыруға қолдау көрсетіп, магистранттарға құнды мәліметтер ұсынып, мазмұнды әңгімеге ұйытқы болған архив ұжымына шынайы алғысымызды білдіреміз.
Іс-шараны кафедраның профессор-оқытушылар құрамы Нұрман Ш.Т., Жалмағамбетов Е.Ә. және Байсалбаева Т.М. ұйымдастырды.
Архивпен жүздесу – тарихи жадыны сақтауға, өткенді деректер негізінде түсінуге және тарихи білімді келесі ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды тәжірибе.