31.10.2026
Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығына арналған халықаралық бәйге және «Таңбалы тас» тарихи-мәдени мұрасына танымдық экскурсия
2026 жылы қазақ кино өнерінің көрнекті өкілі, белгілі режиссер Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай Алматы облысы, Жамбыл ауданында 100 шақырымдық халықаралық ат бәйгесі ұйымдастырылды. Ұлттық спортты ұлықтап, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін дәріптеуге бағытталған ауқымды іс-шараға еліміздің әр өңірінен және Қырғызстаннан келген шабандоздар қатысты.
Мерейтойлық шара аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Өнер факультеті Дизайн кафедрасының меңгерушісі Ж. Стамбекова мен өнертану ғылымдарының профессоры К. Муратаевтың жетекшілігімен арнайы танымдық-экскурсиялық сапар ұйымдастырылды. Экскурсияның мақсаты – тарихи-мәдени мұралармен таныстыру, ұлттық өнер мен мәдени құндылықтарды насихаттау, сондай-ақ халықаралық ғылыми ынтымақтастық аясында мәдениетаралық байланысты нығайту.
Аталған экскурсияға университетке бір айлық ғылыми сапармен келген шетелдік ғалымдар да қатысты. Олардың қатарында АҚШ-тың Флорида мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD Эмбер Уорд, Қытайдың Бейжің ғылым және технология университетінің профессоры Шуя Вей және Оңтүстік Африка Республикасының Витватерсранд университетінің профессоры Шарлин Кхан болды.
Сапар барысында ғалымдар Жамбыл ауданы аумағындағы «Таңбалы тас» тарихи-мәдени мұрасына арнайы барып, қазақ халқының көне тарихы, жартастағы бейнелеу өнері, петроглифтер және олардың тарихи-мәдени маңызы туралы танымдық ақпарат алды. Бұл экскурсия шетелдік ғалымдарға Қазақстанның бай тарихи мұрасымен, дәстүрлі дүниетанымымен және бейнелеу өнерінің көне үлгілерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Сапардың ерекше сәттерінің бірі – Шолаққарғалы ауылдық округінің әкімі Төленді Бағашар мырзаның ұйымдастыруымен көрсетілген қазақы қонақжайлылық болды. Шетелдік қонақтар арнайы тігілген қазақ үйде қарсы алынып, молынан жайылған ақ дастарханнан ұлттық тағамдардан дәм татты. Қонақтарды дәстүрлі қазақы салтпен күтіп алу шетелдік ғалымдарға халқымыздың қонақжайлық мәдениетін, ұлттық тұрмыс-тіршілігін және рухани құндылықтарын таныстырудың жарқын үлгісіне айналды.
Осындай ғылыми-танымдық сапарлар университеттің халықаралық ынтымақтастығын нығайтып қана қоймай, ұлттық мәдени мұраны әлемдік ғылыми ортаға танытуға, тарихи құндылықтарды зерттеу мен насихаттауға жол ашады.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Өнер факультеті ұжымы атынан Шолаққарғалы ауылдық округінің әкімі Төленді Бағашар мырзаға шетелдік ғалымдарды ерекше құрметпен қарсы алып, қазақы қонақжайлылық танытқаны және сапардың жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткені үшін шынайы алғысымызды білдіреміз.