30.10.2026
Білім берудегі тәжірибе мен ізденіс: мектеп мұғалімдеріне арналған онлайн-семинар
2026 жылғы 30 қыркүйекте Филология факультетінің академик С. Қирабаев атындағы Қазақ әдебиеті және оқыту әдістемесі кафедрасы мен №19 мектеп-гимназиясының ұйымдастыруымен мектеп мұғалімдеріне арналған «Эссе және функционалдық сауаттылық: мұғалімдерге арналған тәжірибелік нұсқаулық» тақырыбында онлайн-семинар өтті.
Семинардың негізгі мақсаты – мектеп мұғалімдерінің эссе жазу мен оқыту дағдыларын жетілдіру, эссе құрылымын меңгертудің тиімді жолдарын ұсыну және оқушыларды ғылыми жобаларға дайындау бағытындағы әдістемелік қолдау көрсету.
Бүгінгі семинардың спикерлері: «Болашақ» бағдарламасының түлегі, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Оспанов Еділбай Төлеубайұлы «Оқушылардың эссе жазу дағдыларын қалыптастыру: жоспарлаудан редакциялауға дейін» тақырыбында, ал «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Алматы облысы бойынша Кәсіби даму институтының аға оқытушысы Қылышбекова Нұрсәуле Ұқанбайқызы «Функционалдық оқу сауаттылығын қалыптастыру және тапсырмалар әзірлеу» тақырыбында мазмұнды дәріс оқып, өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар барысында мектеп мұғалімдері спикерлерге көкейдегі сұрақтарын қойып, өзара пікір алмасты. Кездесу эссе жазу дағдыларын қалыптастыру, функционалдық сауаттылықты дамыту және оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулу мәселелері бойынша тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Мұндай мазмұнды әдістемелік кездесулер мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы байланысты нығайтып, педагогтердің кәсіби дамуына және білім беру үдерісінің сапасын арттыруға оң ықпал ететіні сөзсіз. Кафедра алдағы уақытта да мектептермен бірлескен ғылыми-әдістемелік іс-шараларды жалғастыруды көздейді.