«Онтологиялық бетбұрыс: постгуманизмге кіріспе» тақырыбында ашық дәріс өтті

«Онтологиялық бетбұрыс: постгуманизмге кіріспе» тақырыбында ашық дәріс өтті

2026 жылғы 28 қазанда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Өнер факультетінің ұйымдастыруымен «Онтологиялық бетбұрыс: постгуманизмге кіріспе (К. Барад, Р. Брайдотти, Д. Харауэй) және антропоцентрлік батыстық ойлаудан алшақтау» тақырыбында ашық дәріс өткізілді. Дәрісті АҚШ-тың Флорида мемлекеттік университетінің (Florida State University) профессоры, PhD докторы Эмбер Уорд (Amber Ward) жүргізді.

Дәріс барысында постгуманизмнің негізгі теориялық тұжырымдары, адам мен қоршаған орта арасындағы өзара байланыс, антропоцентрлік дүниетанымды қайта қарастыру, сондай-ақ ғылым, материя, экология және «адамнан тыс әлемдер» мәселелері талқыланды. К. Барад, Р. Брайдотти және Д. Харауэй еңбектеріндегі онтологиялық көзқарастарға ғылыми шолу жасалды.

Ашық дәріске Өнер факультетінің профессор-оқытушылар құрамы мен магистранттары белсенді қатысты. Қатысушылар топтық жұмыс барысында постгуманизмнің негізгі ұғымдарын талқылап, өзара пікір алмасты және бірлескен жұмыстың нәтижелерін таныстырды. Дәріс соңында рефлексия ұйымдастырылып, қатысушылар тақырыптың ғылыми және практикалық маңызын атап өтіп, мазмұнды кері байланыс берді.

Ашық дәріс пәнаралық ғылыми ойлауды дамытуға, өнер мен дизайн саласындағы экологиялық және әлеуметтік жауапкершілікті терең түсінуге, халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға және өзекті ғылыми идеялармен алмасуға мүмкіндік берді.

Артқа қайту