17.10.2026
«Тұрақты дамуға арналған пәнаралық ғылым: білім беру, зерттеу және цифрлық трансформация» халықаралық конференциясы аясында 1-секция жұмысы өтті
2026 жылғы 15–16 қазанда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде география ғылымдарының докторы, профессор Күләш Дүйсенбайқызы Каймулдинованың 60 жас мерейтойына арналған «Тұрақты дамуға арналған пәнаралық ғылым: білім беру, зерттеу және цифрлық трансформация» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференция аясында «Қоршаған ортаның тұрақты дамуы: география, экология және цифрлық технологиялар» атты 1-секцияның жұмысы ұйымдастырылды.
Секция отырысына география және экология саласындағы ғалымдар, профессор-оқытушылар құрамы, жас зерттеушілер, докторанттар, магистранттар мен студенттер қатысты.
Секция модераторы – география ғылымдарының докторы, профессор Бахадурхан Шарипұлы Абдиманапов.
Секция барысында Қазақстан, Қытай және Өзбекстан ғалымдары мен зерттеушілері қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, тұрақты туризмді дамыту, геоақпараттық жүйелерді қолдану және географиялық білім беруді цифрландыру бағыттарындағы ғылыми зерттеулерін ұсынды.
Сонымен қатар жас зерттеушілер география пәнін оқытуда заманауи цифрлық технологияларды, жасанды интеллект құралдарын, интерактивті карталар мен цифрлық симуляторларды пайдаланудың мүмкіндіктерін қарастырды.
Ғылыми баяндамаларда тұрақты даму мақсаттарын білім беру жүйесіне енгізу, оқушылардың экологиялық сауаттылығын қалыптастыру, зерттеушілік және аналитикалық дағдыларын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Секция жұмысы барысында қатысушылар өзара ғылыми пікір алмасып, зерттеу нәтижелерін талқылады және география ғылымы мен білім беру саласындағы инновациялық тәсілдердің маңыздылығын атап өтті.
Секция қорытындысында тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуде география, экология және цифрлық технологиялардың өзара ықпалдастығын күшейту, ғылыми ынтымақтастықты дамыту және инновациялық білім беру тәжірибелерін кеңінен қолдану қажеттілігі атап өтілді.
Аталған ғылыми басқосу халықаралық тәжірибе алмасуға, жас ғалымдардың зерттеушілік әлеуетін арттыруға және географиялық білім берудің заманауи бағыттарын дамытуға мүмкіндік берді. 8D05203-География, 2-курс докторанты Күлмұханова Дамира Рүстемқызы