15.10.2026
Әдеби мұрамен үндескен мәдени-танымдық сапар
2026 жылғы 14 және 15 қазанда «Аударма ісі» білім беру бағдарламасының 1-курс студенттері үшін қазақ әдебиеті мен мәдениетін тереңірек танып-білуге бағытталған мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды.
14 қазанда студенттер магистр, аға оқытушы Ұ. Ақбердіқызының жетекшілігімен Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында С. Мұратбековтің шығармасы негізінде сахналанған «Жусан иісі» қойылымын тамашалады. Қойылым студенттерге соғыс жылдарындағы қазақ ауылының тұрмысын, балалық тағдыр мен адамгершілік құндылықтарды көркем бейнелер арқылы терең түсінуге мүмкіндік берді.
15 қазанда білім алушылар филология ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Н.Р. Шеңгелбаеваның жетекшілігімен С. Мұқановтың әдеби-мемориалдық музейіне барды. Экскурсия барысында студенттер көрнекті жазушының өмір жолы, қоғамдық қызметі және шығармашылық мұрасымен танысты. Музей экспозициясындағы құнды құжаттар, фотосуреттер, қолжазбалар мен қаламгердің жеке заттары студенттердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Мәдени-танымдық сапарлар болашақ аудармашылардың әдеби-мәдени білімін кеңейтіп, көркем шығарманы сахналық интерпретациямен салыстыра қабылдауына және ұлттық әдеби мұраға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.