01.09.2026
БІРІНШІ КУРС СТУДЕНТТЕРІНЕ ТАНЫМДЫҚ ДӘРІС ӨТТІ
БІРІНШІ КУРС СТУДЕНТТЕРІНЕ ТАНЫМДЫҚ ДӘРІС ӨТТІ
Бүгін жаңа оқу жылында Абай университетінің табалдырығын алғаш аттаған бірінші курс студенттеріне арналған танымдық дәрістер ұйымдастырылды. Іс-шаралар факультеттерде өткізіліп, білім алушыларға университеттің тарихы мен құндылықтары, оқу үдерісіндегі жаңашылдықтар таныстырылды.
Математика және физика факультетінде өткен таныстыру жиынын факультет деканы Шерипидин Итахунович Хамраев ашты. Ол жас студенттерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білім жолында биік жетістіктерге жетулеріне тілектестігін білдірді.
Жиын барысында студенттерге университет пен факультеттің тарихы, оқу үдерісі, факультеттің тыныс-тіршілігі және студенттік өмір туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сондай-ақ кафедра меңгерушілері мен профессор-оқытушылар құрамы таныстырылып, әрбір білім беру бағдарламасы бойынша бағыт-бағдар ұсынылды.
Жаңа оқу жылында Абай университетін 6600-ге жуық білім алушы таңдады. Оның ішінде бакалавриатқа – 5553, магистратураға – 839, докторантураға 204 білім алушы қабылданды. Бакалавриатқа түскендердің 2965-і мемлекеттік грант негізінде, ал 1813-і ақылы бөлімде білім алады. Сонымен қатар Астана қаласы әкімдігінің гранты бойынша 108, Абай облысы әкімдігінің гранты негізінде 5 талапкер еліміздің үздік педагогикалық университетінің студенті атанды.
Бірінші курс студенттерінің арасында 443 «Алтын белгі» және 508 «Үздік аттестат» иегері бар. Бұл көрсеткіш педагогикалық қара шаңырақтың білімді де талапты жастардың таңдауы екенін тағы бір мәрте айқындайды.