«AI FOR A BETTER WORLD: PITCH COMPETITION» сайысы өтті

«AI FOR A BETTER WORLD: PITCH COMPETITION» сайысы өтті

2026 жылғы 9 сәуірде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Ғылым онкүндігі аясында «AI FOR A BETTER WORLD: PITCH COMPETITION» атты студенттік жобалар сайысы ұйымдастырылды. Іс-шара 1–10 сәуір аралығында өткен Ғылым онкүндігінің маңызды шараларының бірі ретінде Практикалық ағылшын тілі кафедрасының ұйымдастыруымен Төле би көшесі, 86 мекенжайындағы 107-аудиторияда өткізілді.

Сайысқа 13 топтан құралған 38 студент қатысып, өз жобаларын «5 слайд – 5 минут» форматында қорғады. Қатысушылар 2040 жылға қарай Қазақстан алдында туындауы мүмкін өзекті мәселелерді анықтап, оларды жасанды интеллект технологиялары арқылы шешудің тиімді жолдарын ұсынды.

Жобаларды таныстыру барысында студенттер тек инновациялық идеялар ұсынып қана қоймай, жасанды интеллект жүйелері жіберген қателерді талдап, оларды түзету арқылы сыни ойлау дағдыларын көрсетті. Сонымен қатар, қатысушылар ағылшын тілінде еркін сөйлеп, өз көзқарастары мен ұсыныстарын кәсіби деңгейде жеткізе білді.

Сайыс нәтижесі студенттердің заманауи технологияларды тиімді қолдану қабілетін, шығармашылық әлеуетін және жаһандық мәселелерге бейжай қарамайтын белсенді азаматтық ұстанымын айқын көрсетті.

Осындай білім беру бастамалары студенттердің зерттеушілік мәдениетін қалыптастырып, инновациялық ойлауын дамытуға, сондай-ақ болашақ кәсіби қызметінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға ықпал етеді.

Аталған іс-шара Практикалық ағылшын тілі кафедрасының оқытушылары Туреханова А.Б., Ашимова Н.С. және Ертаева Л.А. ұйымдастыруымен өтті. Ұйымдастырушылардың жетекшілігімен студенттер өздерінің инновациялық жобаларын таныстырып, жасанды интеллекттің қоғам дамуына қосатын үлесі жөніндегі тың идеяларымен бөлісті.

Артқа қайту