ТАРИХТЫ ЖАНДАНДЫРУ БАҒЫТЫНДА ВОРКШОП ӨТТІ

Тарих және құқық факультетінде «Тарихты жандандыру: төте жазу 2.0»  екі күндік воркшобы өтті. Тарих ғылымында цифрлық технологияларды қолдануға қызығушылық танытқан зерттеушілер, оқытушылар және жас ғалымдар қатысып, бұл тақырыпты кеңінен талқылады. Алғашқы күні «Мұра алгоритмдері: ЖИ тарихты қалай оқиды» тақырыбындағы панельдік отырысы ұйымдастырылып, ертесіне «Мұра алгоритмдері: тарихты жаңа тәсілмен оқу» тақырыбында top-time семинары өткізілді. 

Панелдік отырыста жасанды интеллекттің қарқынды дамуы жағдайындағы тарихи білімнің трансформациясы, сондай-ақ тарихи дереккөздермен жұмыс істеудің жаңа әдістері қарастырылды. Тарих және құқық факультетінің деканы, ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор Ғабит Кенжебаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі тарихшы» атты баяндамасында тарихшының рөлінің өзгеруін атап өтті. Гуманитарлық зерттеулерге ЖИ енгізудің сын-қатерлері мен перспективаларын айқындап, цифрлық құралдарды сыни тұрғыдан бағалаудың маңызына назар аударды.

Аталған воркшопқа арнайы келген Фрайбург университетінің (Германия) профессоры, доктор Ахим Рабустың баяндамасы қолжазбаларды тану технологиясына (Handwritten Text Recognition, HTR) арналды. Баяндамада тарихи қолжазбаларды автоматты түрде оқудың заманауи тәсілдері, оларды цифрлық гуманитаристикада қолдану мүмкіндіктері ұсынылып, қазақ тіліндегі қолжазбаларды тануға арналған Polyscriptor платформасы көрсетілді.

Воркшоп барысында қатысушылар жасанды интеллекттің тарихи дереккөздерді талдаудағы әлеуетін, мұраны цифрлық тұрғыда интерпретациялау мәселелерін қозғады. Сондай-ақ HTR және басқа да цифрлық гуманитаристика құралдарын білім беру және зерттеу үдерістеріне енгізу перспективаларын талқылады.

Top-time семинарда қазақ тіліндегі тарихи қолжазбаларды тануға арналған платформаның мүмкіндіктерімен зерттеуші ғалымдар танысып, қолдану әдіснамасын үйренді. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейхановтың түпнұсқа хаттары талданды. Бұл деректер ұлттық жазу мәдениетінің тереңдігін айқындай түсті.

Аталған іс-шаралар ғылым мен білімнің сабақтастығын нығайтып, тарихи ізденіске тың серпін берді. Алдағы уақытта қолжазбаларды зерттеу және тану жұмысы дамып, ғалымдар жасанды интеллект құралдары арқылы жүйелі жұмыс жүргізе бермек.

«Abai University» медиа орталығы