АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ «AMANAT» ПАРТИЯСЫНА ҚАБЫЛДАНДЫ

Бүгін Абай университетінің бірқатар студенті «AMANAT» партиясының қатарына қосылды. Оқу орнында үздік білім алып, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып жүрген 19 студент партия мүшелігіне қабылданды.

Партия билеттерін табыстау рәсімінде Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Аппарат басшысы, «Жоғарғы білім» бастауыш партия ұйымының орынбасары Жанатбек Ішпекбаев партия ең алдымен құндылықтары мен мақсаттары ортақ жандардың ұйымы екенін атап өтті. 

– Бүгін сіздер тек партия қатарына қосылып қана қоймай, ел болашағына бейжай қарамайтын белсенді азамат екендеріңізді дәлелдедіңіздер. Студенттік кезең – білім алу ғана емес, қоғамға пайдалы болуды, тұлғалық ұстанымды қалыптастыратын уақыт. «AMANAT» партиясы – ортақ мақсат пен ортақ құндылық жолында бірігетін жастардың алаңы. Сондықтан сіздерден жаңа идея, игі бастама және нақты іс күтеміз. Әрбіріңіз ел дамуына үлес қосатын көшбасшы болады деп сенемін», – деді Жанатбек Ішпекбаев

Салтанатты рәсім барысында Түлектер қауымдастығының жетекшісі, «Жоғарғы білім» бастауыш партия ұйымының орынбасары Болатбек Нұрбатыров партияның жаңа мүшелерін құттықтай отырып, жаңа мәртебеге жауапкершілікпен қарап, партияның нығаюы мен дамуына ықпал етеріне тілек білдірді.

Айта кетейік, Абай университетінің «Жоғары білім – ҚазҰПУ» бастауыш партия ұйымы өзіндік жетістіктерімен ерекшеленеді. Өткен жылы «Үздік бастауыш партия ұйымы» байқауында Медеу аудандық кезеңінде І орынды, Алматы қаласы бойынша І орынды және республикалық деңгейде ІІ орынды иеленді.

Бүгінде Алматы қаласындағы «AMANAT» партиясы Медеу аудандық филиалының «Жоғарғы білім» бастауыш партия ұйымы құрамында университеттің 806 партия мүшесі бар. Оның ішінде 465-і студент.

 «Abai University» медиа орталығы