1916 ЖЫЛҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КӨТЕРІЛІСКЕ АРНАЛҒАН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Биыл қаһарлы 1916 ж. көтерілістің 110 жылдығына орай тарихи-танымдық дөңгелек үстел өтті. «Ғылым декадасы - 2026» аясында өткен бұл диалог алаңында тарихи заман арнасындағы  оқиғалар тың архивтік құжаттар негізінде талдауға алынды.

Дөңгелек үстелдің бас спикері академик Мәмбет Қойгелдиев Әлихан Бөкейхановтың қазіргі тарихнамадағы жаңа тарихи келбеті аясында 1916 ж. көтеріліске қатысты тың ғылыми тұжырымдарымен бөлісті. Ол соңғы жылдардағы ғылыми айналымға енгізілген құпия қор материалдарының жоғары және орта білім беру орындарында қарқынды түрде тартылуы қажеттілігін баса көрсетті.

Іс-шараға мектеп мұғалімдері мен оқушылар шақырылды, соған орай AbaiLABS ғылыми инновациялық паркі құрамындағы «Айтылған тарих» ғылыми лабораториясының жетекшісі Забира Мырзатаева өз сөзінде 1916 ж. Торғай көтерілісінің басшысы хан Әбдіғапар Жанбосыновтың қызметін мектеп оқулықтарына енгізу қажеттілігі жөніндегі пікірін білдірді. Зерттеуші советтік таптаурында қалған ескі көзқарастан арылып, империялық билік өктемдігінің, яғни алдымен патшалық, содан кейін советтік билік қуғын-сүргінінің құрбаны болған Жанбосыновтар әулетінің тағдырын нақты құжаттар негізімен жан-жақты талдауға алды. «Абай» ауылындағы № 2 орта мектепің тарих пәні мұғалімі  Жолдасбек Айнұр, 10-сынып оқушылары Жанель Алимжанқызы, Дина Дастанқызы және Қожа Ахмет Яссауи атындағы № 123 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Нукен Аяжан, аталған мектептің 9-сынып оқушылары Байдахмет Айару, Қадырбек Інжу бұл тұрғыда өз ойларын ортаға салды.

Университет қабырғасында 1916 ж. ұлт-азаттық көтеріліс тақырыбында дәріс оқып жүрген доцент Ермуканов Еркін және жас ізденуші-докторант Абдильдинова Лашын да ұлт-азаттық көтеріліс мәселесіндегі пікірталас алаңында мазмұнды да, салмақты ойларын білдірді.

Іс-шараға тарихшы оқытушы-профессор құрамы, студенттер, магистранттар мен докторанттар белсене қатысып, көкейде жүрген сұрақтарға тұщымды жауап алды. Пікірталас соңында айтылған ұсыныстарды лауазымды орындарға жеткізу міндеті қойылды.

«Abai University» медиа орталығы