«АБАЙ АРУЫ МЕН СҰЛТАНЫ» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Абай университетінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие жобасы аясында «Абай аруы мен сұлтаны» байқауы өтті. Биыл үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған ауқымды жоба ұлттық университеттің парасатты бозбаласы мен ибалы бойжеткенінің заманауи бейнесін қалыптастыруды көздейді. Сайысқа университет басшылығы, кәсіпкерлер мен эстрада жұлдыздарынан құралған қазылар алқасы баға беріп, өнерлі жастарға демеушілер тарапынан қаржылай қолдау көрсетілді.

Салтанатты іс-шараны ашқан Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Мақсат Жақау «Байқаудың негізгі мұраты жастар бойындағы ұлттық құндылықтар мен Абайдың «Толық адам» концепциясындағы асыл қасиеттерді жаңғырту. Сондықтан әр қатысушының өнерінен осы құндылықтардың көрініс табатынына сенемін», – деп атап өтті.

Байқаудың мазмұны бес түрлі кезеңнен құралды. Алғашқы «Ұлттық киім дефилесі» кезеңінде қатысушылар қазақстандық танымал сән үйлерінің авторлық топтамаларын паш етті. Бұл кезеңде ұлттық нақыш пен қазіргі заманғы сән үрдістерінің үйлесімі сахна төрінде көрініс тауып, жастардың эстетикалық талғамын айқындады. Одан кейінгі «Таныстыру» кезеңінде үміткерлер бір-бірінен асып түсу үшін барын салды. Қатысушылар қыз қуу, беташар, ретро-той, Абай түлегі секілді қызықты әрі концептуалды тақырыптарда таныстырылым жасады.

Сайыстың «Ұлттық таным» кезеңі жастардың зияткерлік деңгейі мен рухани білімін сарапқа салды. Мұнда қазақ әдебиеті, тарих, спорт, өнер және Абай әлемі бойынша сұрақтар қойылды. Бұл кезең қатысушылардың сахналық шеберлігімен қоса ұлттық тарих пен мәдениетке деген құрметін де сынады.

«Өнерлі ұрпақ» деп аталған кезең байқаудың нағыз кульминациясына айналды. Студенттер әлеуметтік маңызы бар, жүрекке жетерлік тәрбиелік мәні терең қойылымдар ұсынып, өнердің көңіл көтеру ғана емес, ой тастау құралы екенін дәлелдеді. Жас дарындар сахнада небір шығармашылық идеяларды шеберлікпен жүзеге асырып, көрерменді таңдай қақтырған думанды шоу жасады. Көрермендер мен қазылар алқасы студент жастардың талантына қайран қалып, зор қошемет көрсетті. Ал соңғы кезеңде қатысушылар заманауи медианы меңгеру қабілеттерін көрсетіп, креативтері бейнеролик дайындаумен жарысқа түсті.

Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен Өнер факультетінің намысын қорғаған Бағдат Темірлан мен Еңлік Жалмағанбет бас жүлдені иеленді. Екінші орын Дене шынықтыру мен алғашқы әскери дайындық факультетінен Інжу Садақбаева және Мұхаммедхан Сайдбатталға бұйырды. Ал үшінші орынды Математика, физика және информатика факультетінен Бекдаулет Махсатулы мен Жексенбек Айару қанжығалады. Жеңімпаз атанған үздік үштікке арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Сонымен қатар, қатысушылардың өзіндік ерекшеліктері мен таланттарын ескере отырып, арнайы номинациялар берілді. «Саналы ұрпақ» номинациясын Филология факультетінің студенттері Ақниет Бақытжанқызы және Асылжан Туласқар иеленді. Ал, «Мәдени мұра ұстанушы» номинациясымен Педагогика және психология факультетінің намысын қорғаған Мадияр Кеулимжаев пен Ақерке Қасымхан марапатталды. «Абай үміті» номинациясын Жаратылыстану және география факультетінің қатысушылары Лиана Пак пен Ильхам Жапаров қанжығасына байлады. Ал, Әлем тілдері факультетінің білім алушылары Саят Сайдр мен Жанель Есбосынқызы «Көрермен көзайымына» лайық деп танылды. Сорбонна-Қазақстан институтынан Айгуль Латыпова  және Бақдәулет Жарқын «Айрықша өнерлі жұп» атанды.

«Abai University» медиа орталығы