НЕMAT КЕЛІМБЕТОВ АТЫНДАҒЫ ЗИЯТКЕРЛІК САЙЫС ӨТТІ

Ғылым декадасының аясында айтулы іс-шаралар тізбегі жалғасын тауып, филология саласында зияткерлік дода өтті. Белгілі түрколог-ғалым Немат Келімбетовтің құрметіне ұйымдастырылған сайыс «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының студенттері арасында нағыз білім бәйгесіне айналды.

Білім додасына жиналған Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті, СДУ университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті мен Абай университетінің намысын қорғаған 6 команда қатысып, өзара бақ сынасты.

Зияткерлік сайыс үш кезең бойынша өрбіп, әр кезең қатысушылардың жан-жақты білімін сарапқа салды. Алғашқы бөлімде студенттер «Ұлы есімдер», «Немат Келімбетов», «Сөздер сөйлейді», «Түркі тілдес – түгел бол» және «Әртүрлі» деп аталатын тақырыптық блоктар бойынша сұрақтарға жауап беріп, тартысты доданың көрігін қыздырды. Сайыстың екінші кезеңінде қатысушылар суретке жасырынған мақал-мәтелдердің мәнін ашып, логикалық ойлау жүйесі мен тапқырлықтарын танытты.

«Қызық екен...» деп аталған қорытынды кезеңде студенттер қазақ тілі мен әдебиетінің шеңберінен шығып, ел тарихы мен түркі әлеміне қатысты терең тақырыптарға бойлады. Көне түркі сөздері, бүркеншік есімдер мен сөз төркіні, Баку құрылтайының тарихи маңызы мен қырғыз-қазақ бауырластығы, тіпті спорт пен өнер саласындағы тың деректер ойынның мазмұнын байыта түсті.

Ойын нәтижесі бойынша І орынды СДУ университетінің «Ұмай» командасы иеленсе, ІІ орын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан келген «Парасат» тобына бұйырды. Жүлделі ІІІ орынды Қыздар университетінің «Тұмар» командасы қанжығасына байлады. Сонымен қатар, «Прайм», «Айша бибі» және «Жас түркілер» командаларына белсенділік танытқаны үшін арнайы алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.

Сайыс соңында қазылар алқасының мүшесі, филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, білім додасында бақ пен баптың қатар шабатынын атап өтті.

– Білім деген жерде бақ та шабады, бап та шабады. Қазақ тілі мен әдебиетінің және түркітанудың болашағын біз сіздердің көздеріңізден көреміз. Елге түркі әлеміне қазақ тілі мен әдебиетіне қызмет ете беріңіздер. Болашақтарыңыз жарқын болсын! – деп тілек білдірді.  

«Abai University» медиа орталығы