ҒЫЛЫМИ МАҚАЛА ЖАЗУДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ МҮМКІНДІКТЕРІ ҚАРАСТЫРЫЛДЫ

Бүгін Абай университетінде «Ғылыми мақала дайындауда ЖИ қолдану» атты TOP-time семинар өтті. Бұл «Ғылымдағы цифрлық серпіліс: жасанды интеллект дәуірі» тақырыбындағы Ғылым онкүндігі аясында ұйымдастырылды.

Іс-шараны университеттің зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан мен Ғылым департаментінің директоры Марфуға Абсатова ашты. Семинарда Meta университетінің профессор-зерттеушісі, PhD, қауымдастырылған профессор Мұса Тұрдалыұлы мен R&D HUB директоры Қанат Оразалиев дәріс оқып, қатысушыларға құнды ақпараттар ұсынды.

Қанат Оразалиев ғылыми мақала жазудың негізгі кезеңдеріне кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, жоспар құру, тақырып таңдау, шетелдік ғалымдармен кері байланыс орнату, жасанды интеллект көмегімен жазылған мәтінді өңдеу, Scopus базасына енетін журналдарды тексеру және жалған басылымдарды анықтау мәселелері қамтылды.

Сонымен қатар, ол промт жазудың ерекшеліктерін түсіндіріп, NotebookLM жасанды интеллект құралын тәжірибе жүзінде көрсетті. Спикердің айтуынша, сапалы промт жазу үшін логикалық ойлау қабілеті маңызды. Ал оны дамыту үшін зерттелетін тақырып бойынша көбірек ғылыми мақалалар оқу қажет.

Ал өз кезегінде Мұса Тұрдалыұлы жасанды интеллектінің артықшылықтары мен өзара айырмашылықтарына тоқталып, тіл мәселесіне ерекше назар аударды. Ол: «Жасанды интеллект жүйелеріне ана тілімізді енгізу – маңызды міндеттердің бірі. Тілді цифрландыру арқылы біз оны сақтап, дамытуға мүмкіндік аламыз», – деді.

Ғылыми зерттеу жұмысын дайындауда ЖИ-ді қолдану жағдайында академиялық адалдық қағидаларын сақтау қажеттігін, оны сауатты әрі тиімді пайдалану керегін тілге тиек етті.

Семинар ашық сұрақ-жауап форматында өтіп, қатысушылар өздерін қызықтырған сауалдарға да жауап алды. Семинар соңында Абай атындағы ҚазҰПУ Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан баяндамашылардың мазмұнды әрі практикалық бағыттағы жұмысына сәттілік тілеп, алғыс хаттар табыстады.

«Abai University» медиа орталығы