«ТАРИХ ЖӘНЕ ТҰРАҚТЫ ДАМУ» ХАКАТОНЫ ӨТТІ

Абай университетінде Ғылым декадасы аясында студенттердің басын қосқан кезекті іс-шара ұйымдастырылды. «Тарихшылар альянсы: Тарих және тұрақты даму» атты ғылыми-білім беру хакатоны БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын кеңінен танытуға және студенттердің осы бағыттағы ізденістерін арттыруға негізделді.

Шара Алматы қаласы музейлер бірлестігінің құрамына кіретін Д.А.Қонаевтың музей-үйі мамандарының арнайы көрмесімен және танымдық лекциясымен басталды. Музей ұжымы қатысушыларға Димаш Ахметұлының өмір жолы мен мемлекеттік қызметінен бөлек, оның инженерлік шешімдері мен ғылымды дамытудағы рөлі туралы құнды деректерді таныстырды.

Интеллектуалды додаға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан «Фараби» құрамасы, ҚызҰПУ-дан «Ғасыр үні» және «Шырақ» командалары, SDU университетінің «The Nomads of Kaskelen» және «Мағжан сенген жастар» топтары қатысса, «Ақинақ» пен «Remontada» командалары Абай университетінің  намысын қорғады.

Сайыстың алғашқы кезеңі Kahoot платформасындағы интерактивті ойын форматында өтті. Мұнда студенттер БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына, жаһандық экологиялық және әлеуметтік мәселелерге қатысты сұрақтарға жауап берді. Бұл турда білім ғана емес, сонымен қатар шешім қабылдау жылдамдығы мен ұтқырлық басты рөл атқарды. Экрандағы рейтингтің әр секунд сайын өзгеруі залдағы бәсекелестік рухын одан ары қыздыра түсті.

Екінші кезеңде қатысушылар нақты өмірлік ситуациялармен бетпе-бет келді. Студенттер экологиялық дағдарыс, сапалы білімге қолжетімділік, гендерлік теңдік, тұрақты қалалар мен таза энергия сияқты күрделі бағыттар бойынша SDG-кейстерді талдады. Әр команда ұсынылған мәселенің тиімді шешімдерін, стратегиялық жоспарын және кретивті жобаларын ортаға салды. Бұл кезеңде қазылар алқасы топтың бірлескен жұмысын, логикалық ойлау жүйесін және қиыннан жол табатын тапқырлығын ерекше бағалады.

Соңғы «Poster Challenge» кезеңінде қатысушылар «Білімнің болашағы – тарихшылар көзімен» атты ортақ тақырыпта алдын ала дайындаған хэнд-мейд постерлерін көпшілік назарына ұсынды. Постерлерде тарихшылардың өткен мен болашақты байланыстыратын өзіндік көзқарасы, білім беру жүйесін трансформациялау туралы тың идеялары бейнеленген. Студенттер өз туындыларын қысқаша қорғау барысында тың идеяларын дәлелдеп шықты.

Тартысты өткен білім бәйгесінің нәтижесінде «Шырақ» командасы І орынды иеленді. ІІ орын «Мағжан сенген жастар» командасына бұйырса, «Ақинақ» командасы ІІІ орынды қанжығасына байлады. Барлық құрамаларға сертификаттар табысталды.

«Abai University» медиа орталығы