БОЛАШАҚ МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПРАКТИКАСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

10 сәуір күні Абай университетінде «Теориядан тәжірибеге: болашақ мұғалімдердің педагогикалық практика нәтижелері» тақырыбында 4-курс білім алушыларының қорытынды конференциясы өтті. Іс-шара болашақ педагогтарды даярлаудағы маңызды кезеңнің нәтижесін қорытындылап, теориялық білім мен мектеп тәжірибесінің сабақтастығын айқындады.

Конференцияға бітіруші курс студенттері, мектеп мұғалімдері мен директорлары, өндірістік іс-тәжірибе жетекшілері және оқытушы-профессорлар қауымы қатысты. 2025–2026 оқу жылында жүзеге асырылған ұзақмерзімді педагогикалық тәжірибе қорытындыларына талдау жүргізіліп, студенттердің кәсіби құзыреттілігін бағалау және университет пен мектеп арасындағы әріптестікті нығайту мәселелері қозғалды.

Биыл Алматы қаласының 94 білім беру ұйымында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың жалпы саны 2561 студенті педагогикалық тәжірибеден өтті. Бітіруші курс студенттерінің 22 аптаға созылған өндірістік іс-тәжірибесі барысында 2215 білім алушы мектепте сабақ беріп, оқу үдерісіне белсенді араласты. Оның ішінде 95 студент Астана қаласындағы 17 мектепте, ал 1535 студент Алматы қаласындағы 91 білім беру ұйымында тәжірибеден өтті.

Практика барысында студенттер 8860 ашық сабақ өткізіп, сабақ жоспарын дайындау, оқыту әдістемесін қолдану және бағалау жүйесін жүргізу дағдыларын жетілдірді. Ұзақмерзімді тәжірибе болашақ мамандардың кәсіби бейімделуіне, педагогикалық шеберлігін қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Мектептер тарапынан да бұл тәжірибе жоғары бағаланды. Студенттер кезең-кезеңімен сабақ беру әдістемесін меңгеріп, БЖБ мен ТЖБ құрастыру сияқты маңызды дағдыларды толық игерді. Практика жетекшілері қатарында 1079 тәжірибелі мұғалімдер болды. Атап айтсақ,  педагог-зерттеуші, педагог-шебер, педагог-сарапшы және педагог-модератор санатындағы мамандар бар. Олардың жетекшілігімен 5000-нан астам ашық сабақ өткізілді.

Сонымен қатар, дуальды оқыту жүйесімен 139 түлек жұмысқа қабылданып, 446 студент сұраныс хат негізінде өндірістік тәжірибеден өтті. Бұл университет пен жұмыс берушілер арасындағы байланыстың берік екенін дәлелдейді.

Конференция барысында университет оқытушылары, мектеп директорлары мен студенттер тәжірибе нәтижелерімен бөлісіп, педагогикалық даярлықтың өзекті мәселелерін талқылады. Іс-шара соңында үздік тәжірибе жетекшілері марапатталып, университетпен тығыз әріптестік орнатқан білім беру ұйымдарына алғыс хаттар табысталды. Биылғы педагогикалық тәжірибе болашақ мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттырып, оларды еңбек нарығына бейімдеуде маңызды кезең ретінде бағаланды.



«Abai University» медиа орталығы