09.04.2026
ӘЙЕЛ ҒАЛЫМДАРДЫҢ КІТАП КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ
Бүгін Абай
университетінің Ғылыми кітапханасында «Ғылым және білім әлемі» ашық есік күні өткізіліп,
ғалым әйелдердің кітап көрмесі ашылды. Көрменің ашылуына «Amanat» партиясының
өкілдері, унииверситет басшылығы және зерттеуші әйел ғалымдар қатысты.
Ғылым және жоғары білім
министрлігінің мәліметіне сәйкес ғылым саласындағы мамандардың 51,6 пайызы
әйелдер қауымы. Яғни, қазіргі таңда нәзік жандылардың ғылыми зерттеу
кеңістігінде белсенді әрі ауқымды қатысушыға айналып отыр. Ал, Абай атындағы
ҚазҰПУ оқытушы-профессорлар құрамының 68,5 пайызы әйелдер. Оның ішінде 75,5%
ғылым кандидаттары, 74,5% философия докторы (PhD). Көрменің ашылуында Зерттеу
қызметі және инновация жөніндегі проректор Ертай Сұлтан университеттің ғылыми
әлеуетін жоғары деңгейге көтеріп отырған ғылымдағы әйел ғалымдардың теңдігіне
тоқталды.
Жиынға қатысқан «AMANAT» партиясының Алматы қалалық
филиалының Әйелдер қанатының Төраға орынбасары,
Гульнара Амирова, «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалы Саяси жұмыс
бөлімінің басшысы Оралбек Құрбанбаев әйел ғалымдардың еңбегін жоғары бағалады.
Ғылым жолын таңдап, аянбай еңбек етіп, түрлі зерттеу жобаларын жүзеге асырып
жүрген нәзік жандылардың жанкештілігін алға тартты.
Көрмеге Абай университетіндегі
әйел ғалымдардың ғылыми еңбектері, оқулықтары мен кітаптары қойылды. Сондай-ақ,
ғылыми жобалары мен зерттеу жұмыстары таныстырылып, ғылым саласының дамуына
қосқан үлестері кеңінен насихатталды. Айта кету керек, қазіргі таңда
университетте әйел академиктердің шоғыры қалыптасқан. Олардың ішінде Ұлттық
ғылым академиясының академиктері педагогика ғылымдарының докторы, профессор Алма Әбілқасымова, география ғылымдарының
докторы, профессор Алия Бейсенова, филология ғылымдарының кандидаты, профессор
Фаузия Оразбаева, философия ғылымдарының докторы, профессор Ақтолқын Күлсариева
бар.
Сонымен
қатар, Абай атындағы ҚазҰПУ-да ғалым әйелдердің ғылыми жобаларға,
зерттеулерге қатысудағы үлесі жоғарылаған. Мәселен, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің
гранттық қаржыландыру, бағдарламалы нысаналы қаржыландыру, жас ғалым жобалары
бойынша жалпы саны 32 жоба болса, сонын ішінде 17 жоба жетекшісі зерттеуші
әйелдер. Ал жоба орындаушылары жалпы 175 ғалым болса, оның ішінде 106-сы әйел (60,57% ) азаматтар.
«Abai University» медиа орталығы