ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСТЕГІ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Сорбонна-Қазақстан институты базасында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның бастамасымен «Қылмыстық процестегі адам құқықтары» тақырыбында мазмұнды құқықтық диалог өтті. Ауқымды іс-шара Францияның Пуатье университетінен арнайы келген белгілі профессорлар Жером Боссан, Стефани Паважо және Александр Золлинчердің сапары аясында ұйымдастырылды.

Ресми кездесуге ҚР Конституциялық сотының, Жоғарғы соттың, Әділет министрлігінің өкілдері, Қазақстандағы Франция Елшілігінің мүшелері және мемлекеттік құрылымдар мен құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Алқалы жиынды ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Игорь Рогов модератор ретінде жүргізді.

Жиында Франциядан келген мәртебелі қонақтар өз елінің конституциялық тәжірибесі мен құқық қорғау жүйесіндегі ерекшеліктерге тоқталды. Тарихқа көз жүгіртсек, Қазақстанның алғашқы Конституциясы Францияның негізгі заңына сүйене отырып жазылғандықтан, екі елдің құқықтық жүйелеріндегі ұқсастықтар мен ортақ қағидаттар диалогқа қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Еуропалық және конституциялық құқық маманы Стефани Паважо Франциядағы Конституциялық кеңестің жұмыс істеу тетіктерін егжей-тегжейлі баяндады. Профессор адам құқығын толық сақтауға кедергі келтіретін заңдардың қалай сарапталғанын және олардың уақыт талабына сай қалай икемделгенін нақты мысалдармен түсіндірді.

Қылмыстық ғылымдар институтының өкілі Жером Боссан өз еліндегі құқық қорғау қызметкерлерінің құзіреттілік шеңбері мен қызметтік ерекшеліктеріне тоқталды. Ол қылмыстық процестегі күдіктінің, құрбанның және қылмыскердің адам ретіндегі құқықтарын сақтау маңыздылығын атап өтті. Профессор медициналық көмек алу, адвокат пен аудармашы қызметіне жүгіну, жақындарына хабар беру құқықтарымен қатар, ең басты құндылық – адамның қадір-қасиетін сақтау мәселесін бірінші орынға қойды. Сонымен қатар, арызданушының процеске толыққанды мүше ретінде қатысуы мен ақпарат алу құқығы, қылмыстық іздестіру кезіндегі жеке деректерді тексеру мен геолокацияны бақылау сияқты нәзік тұстарды ашып көрсетті.

Сондай-ақ, сарапшы Александр Золлинчер қазіргі заманның өзекті мәселенің бірі технологиялық даму туралы ой бөлісті. Ол тергеу процесін жеңілдетудегі жасанды интеллектің мүмкіндіктерін қарастырып, оның ықтимал қауіптеріне де назар аударды. Ғалым жасанды интеллектіге билік берудің соңы қате нәтижелер мен бұрмалаушылыққа әкелуі мүмкін екенін, бұл технологияны алаяқтардың пайдалану қаупі жоғары екенін ескертті. Сондықтан ЖИ-ді қылмысты реттеу мен тергеуде сақтықпен қолдану қажеттігін алға тартты.

Шараға Ішкі істер министрлігінің аймақтық академиялары мен ведомстволық институттары онлайн форматта қосылып, тақырыптың ауқымын кеңейте түсті. Студенттер мен жас ғалымдар француздық сарапшыларға көкейкесті сұрақтарын қойып, құқық саласындағы заманауи трендтер бойынша тұщымды жауаптар алды. Бұл құқықтық диалог екі ел арасындағы ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастықты нығайтып, болашақ заңгерлер үшін адам құқықтарын қорғаудың халықаралық стандарттарын меңгеруге мүмкіндік берді.

«Abai University» медиа орталығы