09.04.2026
«ЕҢ ҮЗДІК СТУДЕНТТІК ҒЫЛЫМИ ҰЙЫМ» ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
8 сәуір күні Абай университетінде «Ғылым декадасы» аясында «Ең үздік студенттік ғылыми ұйым» байқауы
өтті. Бұл байқау – университет қабырғасында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді айналысатын
студенттерді қолдауға, олардың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін
арттыруға бағытталған.
Салтанатты іс-шараны университеттің Зерттеу қызметі және инновация
жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан ашып, жас зерттеушілерге сәттілік тілеп,
ғылым жолындағы ізденістеріне табыс тіледі.
– Ең алдымен, студенттік кезеңнен бастап ғылымға бет алғандарыңыз үшін
алғыс білдіремін. Педагогикалық бағыттағы зерттеу жұмыстары әлдеқайда ұзақ әрі
терең зерттеуді талап етеді. Бүгінгі таңда болашақ педагог болу үшін технологиялық
және ғылыми қабілеттің болуы маңызды. Бұл байқау студенттердің бойында аталған
қабілеттерді шыңдауға арналған, - деді проректор.
Байқау мазмұндық жағынан бір-бірімен сабақтасқан үш кезеңді қамтыды. Бірінші
кезеңде қатысушылар өз ұйымдарын шығармашылық тұрғыда таныстырып, оның құрылымы
мен жетістіктерін көрсетті. Екінші кезеңде академиялық жазылымға қатысты
сұрақтарға жауап беріп, білім тереңдігі мен ойлау шапшаңдығын сынға салды. Ал
үшінші кезеңде студенттік ұйым мүшелерінің ғылыми жарияланымдары мен зерттеу
жұмыстары ұсынылып, олардың ғылыми ізденімпаздық деңгейі бағаланды.
Әр факультеттің студенттік ұйымдары сайыс кезеңдері бойынша бақ сынады. Олардың қатарында Жаратылыстану және география факультетінің «ZHERUIYQ», «SPARKLE SCIENCE of chemistry» «Аяла» ұйымдары және Педагогика және психология факультетінің «Мейірім» еріктілер клубы бар. Жарыс қорытындысы бойынша «Sparkle Science of chemistry» ғылыми ұйымы жүлделі І‐орынды иеленсе, II орынды «Аяла» эко-клубы және «ZHERUIYQ» клубы алды. Ал жүлделі III орынды «Мейірім» еріктілер клубы қанжығасына байлады.
Байқау қатысушылары мен жүлделі орын иегерлеріне университеттің Басқарма Төрағасы-Ректордың
Алғыс хаттары, дипломдары мен арнайы жүлделер табысталды.
«Abai University» медиа орталығы