«ҮЗДІК СТУДЕНТ – 2026» БАЙҚАУЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Абай университетінің Педагогика және психология факультетінде дәстүрлі «Үздік студент – 2026» байқауының финалдық кезеңі өтті. Бес жылдан бері тұрақты ұйымдастырылып келе жатқан бұл жоба – білім мен білікті, талап пен талантты таразылайтын мазмұнды дода.

Биылғы байқаудың финалына академиялық үлгерімі жоғары, қоғамдық-әлеуметтік іс-шараларда белсенділік танытып жүрген 11 студент жолдама алды. Қатысушылар өз білімін ғана емес, ой-өрісін, көшбасшылық қабілетін және шығармашылық ізденісін көпшілік алдында дәлелдеуге тырысты.

Салтанатты жиында Ғылым департаментінің директоры Марфуға Абсатова мен Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Жанна Жусупова қатысушыларға сәттілік тілеп, байқаудың маңыздылығына тоқталды.

Байқау мазмұны жағынан бірін-бірі толықтыратын үш кезеңнен тұрды. Алғашқы «I’m the best» тұлғалық таныстырылым кезеңінде қатысушылар өздерін жан-жақты таныстырып, өмірлік ұстанымдары мен мақсаттарын ортаға салды. Әр студент сахна мәдениеті мен сөз саптау шеберлігі арқылы жеке даралығын көрсетуге ұмтылды.

Екінші кезең – талапкерлердің арнайы авторлық жобасын қорғау. Бұл кезеңде қатысушылар педагогика және психология саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, нақты ұсыныстар жасады. Тұлғалық мазасыздық, студенттердің психологиялық күйзелісі, инклюзивті білім беру, арнайы білім беру бағыттары мен денсаулыққа қатысты зерттеулер кеңінен қамтылды. Қатысушылар заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, өз жобаларын ғылыми негізде қорғап шықты.

Шешуші кезең – «Сен білесің бе?» интеллектуалды сайысы болды. Бұл бөлімде қатысушылардың білім деңгейі мен ойлау жылдамдығы сынға түсті. Сұрақтар университет тарихы, педагогика саласы, ұлттық құндылықтар және Ыбырай Алтынсарин мұрасы, сондай-ақ Тәуелсіздіктің 35 жылдығы тақырыптарын қамтыды.

Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен жүлделі орындар төмендегідей анықталды:

І орын – Муслюмканова Динара Ерсінқызы;

ІІ орын – Баратова Балнұр Оралқызы;

ІІІ орын – Сатымов Дінмұхаммед Аязбайұлы.

Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Барлық кезеңдердің нәтижесі студенттердің білім деңгейі мен зияткерлік әлеуетін ғана емес, олардың азаматтық ұстанымын, шығармашылық ізденісін және кәсіби бағыттағы дайындығын да айқын көрсетті.

«Abai University» медиа орталығы