ТАРИХИ РӘМІЗДЕРДІҢ МӘНІ ЗЕРДЕЛЕНДІ

Абай университетінде шетелдік ғалымдардың тағылымдамасы мен дәрістері жыл бойы ұйымдастырлып тұрады. Осы мақсатта қазір қара шаңырақта ресейлік тарихшы, тәуелсіз зерттеуші Александр Григорьевич Юрченко ашық дәріс өткізіп жатыр. Оның кезекті дәрісі ортағасырлық түркі-моңғол мемлекеттеріндегі рәміздердің қалыптасуы, тарихи мәні мен қоғамдық қызметіне арналды.

Дәріс барысында тарихи рәміздердің сол дәуірдегі мемлекеттік басқару жүйесі, діни дүниетаным, қоғамдық қатынастар және мәдени дәстүрлермен байланысы кеңінен қарастырылды. Ғалым рәміздерді белгілі бір кезеңнің сыртқы белгілері ретінде ғана емес, халықтың дүниетанымы, саяси ұстанымы мен мәдени жадын танытатын маңызды тарихи дерек ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті.

Александр Юрченко ортағасырлық жазба деректерді зерттеу, ғылыми экспедицияларға қатысу және тарихи мәліметтерді далалық зерттеулер нәтижелерімен сабақтастыру тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, тарихи құбылыстарды жан-жақты түсіну үшін жазба деректермен қатар материалдық мәдениет, рәміздер мен өзге де мәдени белгілерді кешенді түрде зерделеудің маңызы зор.

Ашық дәрістің тағы бір ерекшелігі – тарихты тек хронологиялық оқиғалар тізбегі ретінде емес, мәдениет, қоғам және өркениет сабақтастығы тұрғысынан қарастыруға мүмкіндік беруі. Мұндай тәсіл студенттердің тарихи деректерді талдау қабілетін жетілдіріп, әр дәуірдің мәдени ерекшеліктерін тереңірек түсінуіне ықпал етеді.

Ғылыми кездесуге факультет оқытушылары, ғалымдар, жас зерттеушілер және «Тарих және қоғамтану», «Тарих және дінтану», «География» білім беру бағдарламаларының студенттері қатысты.

Кездесу соңында білім алушылар ғалымға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ортағасырлық түркі-моңғол мемлекеттерінің тарихы мен мәдениетіне қатысты пікір алмасты. Еркін форматтағы ғылыми сұхбат студенттердің таным көкжиегін кеңейтіп, тарихи мұраны жаңа қырынан зерделеуге деген қызығушылығын арттырды.

 «Abai University» медиа орталығы