01.10.2026
ҚОС МЕРЕКЕНІ ҰШТАСТЫРҒАН – АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ
Бүгін – Абай университетінің туған күні. Мерейлі күнді білім ордасының барлық факультеті ерекше мазмұнда атап өтті. Ғасырға жуық тарихы бар қара шаңырақтың айтулы күні ҚР Жоғары білім қызметкерлері күнімен тұспа-тұс келді. Осыған орай бүгінгі күн ұстаздар мен білім алушылардың басын қосқан тағылымды кездесулерге, танымдық іс-шаралар мен көшбасшылық дәрістерге ұласты.
Мерекелік бағдарлама аясында университет ғалымдары мен білікті ұстаздары студенттерге көшбасшылық, еңбек жолындағы оқиғалар, білім мен ғылымның маңызы туралы дәріс өткізді. Мәселен, қазақ спортында есімі елеулі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Амантай Қарақұлымен кездесу өтті. Жиында даңқты тұлғаның тағылымға толы өмір жолы, ҚазҰПУ-ға сіңірген еңбегі ерекше аталды. Университет қатарында қызмет етіп жүрген кездегі қызықты оқиғаларын бөліскен Амантай Қарақұлының биыл 80 жылдық мерейтойы. Жүздесу соңында белгілі тұлғаға университет тарапынан арнайы сыйлық табысталды.
Сонымен қатар, «Зерделі ұлт: кітаптан – ғылымға» атты ғалым-ұстаздар мен студенттер кездесу-бенефисі өтті. Белгілі ғалым, тарихшы, профессор Болат Сағидоллаұлы студенттермен жүздесіп, рухани құндылықтар мен кітап оқу мәдениеті төңірегінде салмақты ой қозғады. Өз сөзінде профессор заманауи ақпараттық кеңістіктегі кітап таңдау талғамына ерекше тоқталды. Сырты тартымды, жарнамасы нарықта үлкен сұранысқа ие кітаптардың бәрі бірдей мазмұнды әрі сапалы дүние екенін білдірмейді. Оқырман ең алдымен кітаптың ішкі мәні мен ғылыми-танымдық салмағын ажырата, таңдай білуі тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар тарихшы өздерінің студенттік жылдарында әдебиеттерді зор ықыласпен, өзара жарысып жүріп оқығандарын мысалға келтіре отырып, бүгінгі жастар арасында кітапқа деген дәл сондай ұмтылыстың бәсеңдеп бара жатқанына қынжылыс білдірді. Сол себепті студенттерді бай қоры бар университет кітапханасына жиі баруға шақырды.
«Қазақтың оқуда кеткен есесі көп. Атаң үшін де оқы, әкең үшін де оқы, өзің үшін де оқы» деген Ғабит Мүсіреповтің өсиет сөзі бар. Дәл осы ұранмен бүгін өткен кезекті кездесу Абай университетінің доценті, экономикалық-әлеуметтік география ғылымдарының кандидаты, профессор, жазушы, ақын Қастер Сарқытқанмен өтті. Қара шаңырақ қабырғасында 28 жыл қызмет еткен маман жастарды білімге құштар болуға, академиялық адалдықты сақтауға шақырды. Кездесуге жиналған студенттер бірнеше кітап авторымен пікір алмасып, көкейдегі сұрақтарына жауап алды.
Туған күн –
өткенге тағзым жасап қана қоймай, болашаққа жаңа мақсаттармен қадам басатын
ерекше сәт. Абай университетінің ұжымы мен студенттері қара шаңырақтың
қалыптасқан дәстүрін жалғастырып, білім мен ғылымдағы жаңа белестерді
бағындыруға бағытталған ортақ мақсаттарын айқындады.
Айта кетейік, Абай университетінің туған күні мен жоғары білім қызметкерлері күніне арналған іс-шаралар ертең де жалғасын табады.
«Abai University» медиа орталығы