ТУҒАН КҮНІҢМЕН, ҚАРА ШАҢЫРАҚ!

ТУҒАН КҮНІҢМЕН, ҚАРА ШАҢЫРАҚ!

1 қазан — Абай университетінің туған күні

Бүгін, 1 қазанда, қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің құрылғанына 98 жыл толды.

Бүгіннің биігінен қарап, өткенді қанша құбылтып, қақпақыл ойнатқанмен, тарихтың аты – тарих. Ал сол тарихтың сарғайған парақтарын ашқанда, әрбір дата мен әрбір есімнің артынан тұтас бір дәуірдің тынысы сезіледі. Өйткені Абай университетінің шежіресі – бір ғана білім ордасының жылнамасы емес, қазақ даласында жоғары білімнің қалыптасу тарихы. Ол – 1928 жылғы 1 қазан.

Дәл осы күні Алматыда Қазақ мемлекеттік университеті салтанатты түрде ашылып, еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орнының алғашқы іргесі қаланды. Содан бері арада 98 жыл өтті. Бір ғасырға жуық уақыт ішінде оқу орнының атауы да, құрылымы да, мәртебесі де бірнеше рет өзгерді. Бірақ оның басты мұраты – ұлтқа қызмет ету, ұстаз даярлау, білім мен ғылымның шамшырағын жағу – өзгерген емес.


Тарихқа көз салсақ

Қазақстандағы жоғары оқу орындарының алғашқы бастауын кейбір ғалымдар 1918 жылғы Түркістан АССР-і орталығы Ташкентте ашылған Қазақ педагогикалық курсынан немесе 1926 жылы Ташкентте құрылған Қазақ педагогикалық жоғары оқу орнынан бастау керек деген пікір айтады. Ол пікірді жоққа шығармаймыз. Дегенмен тарих куә, бүгінгі Абай университеті 1928 жылы бірінші қазанда Алматыда «Қазақ мемлекеттік университеті» деген мәртебемен тұсауын кескен.

Елімізде алғаш рет есігін Қазақ мемлекеттік университеті деген атаумен ашқан тұңғыш жоғары оқу орны физика-техника, тіл және мәдениет, жаратылыстану бөлімдері бар Педагогикалық факультет бірінші болып өз жұмысын бастады. 1930 жылы тек педагогикалық мамандар даярлайтын институт ретінде қайта құрылып, оның атауы «Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты» болып өзгерген. 1935 жылы қазақтың ұлы ақыны Абайдың туғанына 90 жыл толуына орай, қазақтың тұңғыш жоғары оқу орнына хәкім Абайдың есімі беріліп, «Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институты» деген атау алды.

Оқу ордасының жоғары білім мектебі ретінде қалыптасуының бастау көзінде тұрған көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері, ұстаздар мен ғалымдар бар. Олардың қатарында ұлт зиялылары Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Смағұл Сәдуақасов, Санжар Асфендияров, Темірбек Жүргенов, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедов, Әлімхан Ермеков, Баймен Алмановты ерекше атауға болады. Мұны қазіргі уақытта «рухани үстемдік» деп атауға болады. Абай университеті осы аманаттан аттаған емес.
Абай университетінің тарихи фотосы Абай университетінің қазіргі фотосы Бұрын Қазір
Бұрынғы ҚазПИ-ден – қазіргі ҚазҰПУ-ға

Алдыңғы буын арасында Қазақ педагогикалық институты (ҚазПИ) деген атпен белгілі, ал кейін университет мәртебесін қайта иеленген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (ҚазҰПУ) бүгінгі таңда еліміздің жоғары білім саласында жас ұрпақты білім мен ғылымға баулуда ғылыми-педагогикалық әлеуеті мол, материалдық-техникалық базасы берік қалыптасқан іргелі оқу орнына айналды.

Университет атауының өзгеру хронологиясы

01 Қазақ мемлекеттік университеті
02 Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты
03 Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институты
04 Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық институты
05 Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институты
06 Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университеті
07 Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті
08 Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті жабық акционерлік қоғамы
09 «Абай атындағы Алматы университеті» ашық акционерлік қоғамы
10 Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

Қара шаңырақтың құдіреті

«Қара шаңырақ» деген ұғымның астары терең. Ол – бастау болған үй. Алғашқы қадам жасалған мекен. Ұрпақ сабақтастығы үзілмейтін қасиетті орын. Абай университеті де қазақ жоғары білімінің дәл сондай қара шаңырағы. Оның қабырғасында ұлт ұстаздары дәріс оқыды. Ғалымдар ғылыми мектеп қалыптастырды. Мыңдаған жас маман атанып, еліміздің түкпір-түкпіріне аттанды. Олар ауыл мектебінде бала оқытты, ғылыммен айналысты, оқулық жазды, ел басқарды, ұлттық мәдениет пен руханиятқа қызмет етті, қызмет етіп келеді.

Қара шаңырақтың құдіреті тарихи ғимараттар мен атауларда ғана емес, ұстаздан шәкіртке, буыннан буынға жалғасқан рухани сабақтастықта жатыр.


1 қазан – Абай университетінің туған күні

Бүгінде Абай университеті өзінің ғасырлық мерейтойына нық қадам басып келеді. Жоғарыда айта кеткеніміздей, 1928 жылы 1 қазанда құрылған. Осыған орай елімізде 2024 жылы 1 қазан – ҚР Жоғары білім қызметкерлері күні болып кәсіби мерекелер тізіміне енді.


98 жыл – өткенді қорытындылайтын ғана емес, келешекке бағыт белгілейтін тарихи белес. Алда заманауи педагог даярлау, білім беру жүйесіне ғылыми негізделген жаңалықтар енгізу, жасанды интеллект мүмкіндіктерін игеру, ұлттық педагогика мен әлемдік тәжірибені сабақтастыру секілді жаңа міндеттер тұр.


Уақыт өзгеріп, технология қанша жаңарса да, ұстаздың қоғамдағы орны өзгермек емес. Себебі мемлекеттің ертеңгі келбеті бүгінгі мектептен, ал мектептің сапасы мұғалімнен басталады. Осы тұрғыдан алғанда, Абай университетінің миссиясы – маман даярлаумен ғана шектелмейді. Оның міндеті – ел болашағын тәрбиелейтін тұлға қалыптастыру.


1928 жылы 124 студентпен басталған білім жолы бүгінде үлкен ғылыми-педагогикалық кеңістікке айналды. Алда Қазақ ұлттық педагогикалық Зерттеу университетіне айналу межесі тұр. Бүгінде қасиетті қара шаңырақ халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштерін жыл сайын нығайтып келеді. Оқу орны әлемдік университеттер белсене қатысатын QS World University Rankings, Times Higher Education және UI GreenMetric World University Rankings сынды жаһандық бағалау сынына қатысып, білім сапасы мен ғылыми әлеуетін және тұрақты даму бағытындағы жетістіктерін дәлелдеп келеді.

Abai University халықаралық рейтинг көрсеткіші
Abai University халықаралық рейтинг көрсеткіші
Abai University халықаралық рейтинг көрсеткіші
Abai University халықаралық рейтинг көрсеткіші
Abai University халықаралық рейтинг көрсеткіші

Бір ғасырға жуық уақыт өтті. Дәуір ауысты. Ұрпақ жаңарды. Университеттің атауы бірнеше рет өзгерді. Бірақ оның рухани өзегі өзгерген жоқ.


Ол – білімге адалдық.


Ол – ұстазға құрмет.


Ол – ұлтқа қызмет.


Туған күніңмен, қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы!

Туған күніңмен, Абай университеті!

Тарихың тағылымға, бүгінің берекеге, болашағың баянды жетістіктерге толы болсын!