30.09.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ПОЛЯК МУЗЫКАНТТАРЫ ҚОНАҚТА
Бүгін Абай университетінде
«Есімде сол тыныш, нұрлы, алтын күндер» атты поляк вокалдық музыкасының
концерті өтті. Іс-шара поляк жұртының Қазақстанға депортациялануының
басталғанына 90 жыл толуына арналды. Концерттің мақсаты – тарихқа үңіліп,
музыка арқылы қос халық арасындағы өзара түсіністік пен мәдени байланысты
нығайту.
Концерттің атауы поляк ақыны
Казимеж Пшерва-Тетмайердің «Pamiętam ciche, jasne, złote dnie…» – «Есімде сол
тыныш, нұрлы, алтын күндер…» жыр жолдарынан алынған. Бұл тармақ өткен шақты
қайтара алмасақ та, оны жадымызда сақтай алатынымызды бейнелейді деген мағынаға
саяды.
Рухани кеш барысында жиналған
қауымға Польшаның музыкалық мәдениетін әлемге танытып жүрген әнші Кшиштоф
Чупиньски-Свёнтек және пианист, клавесинші Станислав Лопушиньски өнер көрсетті.
Өнерпаздар 2018 жылдан бері бірлесіп, әлемнің бірнеше елінде концерт өткізіп
келеді. Олар бүгінгі өнер кешінде Станислав Невядомский, Ян Галль, Игнаций Ян
Падеревский, Мечислав Карлович, Францишек Мирецкий, Станислав Монюшко, Фредерик
Шопен, Адам Мицкевич, Казимеж Пшерва-Тетмайер сынды танымал тұлғалардың туындыларын
көрерменге тебіреніспен жеткізді. Сондай-ақ, музыкалық кеште поляк вокалдық
және фортепианолық музыкасының түрлі кезеңдері қамтылып, тыңдарман көңілі түрлі
сезімге бөледі.
Қазақ пен поляк ұлты – тағдырлас
халық. Екеуі де сыртқы саяси күштердің қысымына ұшырап, жер аударудан бастап,
ұлттық мәдениетті сақтап қалуда сансыз күресті бастан өткерген. Ал қызыл
империяның озбыр саясатының кесірінен поляктардың бір бөлігі Қазақстанға жер
аударылғанына да тарих куә.
Классикалық музыка жүректі
тербеткен әсерлі іс-шараның соңында Қазақстандағы поляктар одағының құрметті
төрағасы Виталий Свинцицкий сөз сөйлеп, қазақ халқына ыстық ықыласын білдірді.
Өз кезегінде поляк өнерпаздарына университет басшылығы тарапынан қазақы
дәстүрмен сый-сияпат жасалып, алғыс айтылды.
Естеріңізге сала кетейік, Абай
университеті Польша жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді.
Білім беру саласындағы стратегиялық байланысты арттыруда Польшаның Алматы
қаласындағы Бас консулы Дариуш Шевчык және вице-концулы Павель Недзвеуцский
қасиетті қара шаңырақта талай қонақта болған. Сонымен қатар, Польшаның Помор университетімен бірлескен қос
дипломды бағдарлама жүзеге асу үстінде.
«Abai University» медиа орталығы