БІЛІМ БЕРУДЕГІ КИБЕРҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Цифрлық технология адам өмірінің барлық саласына дендеп енген сайын ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің маңызы да арта түсуде. Әсіресе, білім беру кеңістігінде цифрлық ресурстардың кең қолданылуы киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруды уақыт талабы деңгейіне көтеріп отыр. Осы бағыттағы өзекті мәселелер бүгін Абай университетінде өткен республикалық ғылыми-педагогикалық конференцияда кеңінен сөз болды.

«Білім берудегі киберқауіпсіздік: заманауи сын-қатерлер, инновациялық технологиялар және цифрлық мәдениетті қалыптастыру» тақырыбын арқау еткен ғылыми жиынға университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен докторанттар қатысып, цифрлық кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ғылыми ізденістерін ортаға салды. Бүгінде білім беру жүйесі жасанды интеллект, цифрлық платформалар, смарт-аудиториялар және цифрлық егіздер секілді жаңа технологиялармен толығып келеді. Мұндай өзгеріс білім беру үдерісінің мүмкіндігін кеңейтумен бірге, ақпаратты қорғау мен цифрлық қауіпсіздікке қойылатын талапты да күшейте түсті.

Цифрлық технология қаншалықты дамыса, оны қолданатын адамның жауапкершілігі де соншалықты арта түседі. Осы ұстаным конференцияның маңызды бағыттарының біріне айналды. Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің оқытушылары болашақ педагогтың цифрлық ортадағы кәсіби жауапкершілігіне назар аударып, әлеуметтік желілер мен ақпараттық жүйелерді қауіпсіз пайдаланудың тиімді жолдарын түсіндірді.

Киберқауіпсіздік тек техникалық мамандардың міндеті емес. Бүгінгі педагог үшін де цифрлық сауаттылық кәсіби құзыреттіліктің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Өйткені білім алушыға цифрлық құралды пайдалануды үйрету жеткіліксіз. Оны сол ортада өзін қауіпсіз ұстауға, ақпараттың шынайылығын ажыратуға, жеке деректерін қорғауға және жауапкершілікпен әрекет етуге баулу маңызды.

Конференцияның секциялық бөлігінде осы мәселелер білім алушылардың цифрлық мәдениетін қалыптастыру тұрғысынан сабақтасты. Кибералаяқтық, фишинг, әлеуметтік инженерия секілді қауіптердің табиғаты мен олардың алдын алу жолдары білім беру үдерісімен байланыста сараланды. Қазіргі цифрлық ортада қауіпсіздік мәдениеті бір күнде қалыптаспайды. Ол біліммен, күнделікті дағдымен және жауапкершілікпен орнығады. Сондықтан білім беруде киберқауіпсіздік технологияны қорғаумен ғана шектелмей, цифрлық мәдениеті қалыптасқан тұлға тәрбиелеу міндетімен байланысты.

Бір сөзбен айтқанда, республикалық ғылыми-педагогикалық конференция ғылыми ізденістерді тоғыстырып, цифрлық дәуірдің жаңа талаптарына жауап беретін білім беру ортасын қалыптастырудың маңыздылығын айқындап берді.

 

«Abai University» медиа орталығы