АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ – ERASMUS+ UNIFUND ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖОБАСЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ

Абай университеті «University Endowment Fund Development in Kazakhstan – UNIFUND» халықаралық жобасына қатысушы ретінде қосылды. Бұл жоба Еуропалық Одақтың Erasmus+ бағдарламасы негізінде жоғары білім беру саласындағы әлеуетті арттыру бағыты бойынша жүзеге асырылады.

Халықаралық жобаға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Еуропадағы серіктес университеттер және Абай университетімен қатар еліміздегі өзге де жоғары оқу орындары қатысушы ретінде тіркелген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жобадағы грант иегері әрі үйлестіруші.

UNIFUND жобасының негізгі мақсаты – Ұлттық қауымдастық пен университеттердің мақсатты қорларының (эндаументтерінің) цифрлық платформасын дамытуды мақсат етеді. Сонымен қатар, олардың құқықтық базасын қалыптастыру, әдістемелік қолдау көрсету және жоғары оқу орындары арасында эндаумент мәдениетін кеңінен насихаттау арқылы Қазақстандағы жоғары білім берудің қаржылық тұрақтылығы мен академиялық дербестігін арттыру бойынша жұмыс істейді.

Жоба аясында мақсатты қорларды басқарудың жалпыұлттық жүйесін әзірлеу көзделіп отыр. Бұл жүйе қазақстандық жоғары оқу орындарына қаржыландыру көздерін әртараптандырудың заманауи тетіктерін енгізуге жол ашады.

Абай университетінің UNIFUND жобасына қатысуы еліміздің көшбасшы педагогикалық жоғары оқу орнының халықаралық деңгейдегі ынтымақтастығын арттыра түспек. Жоғары білім берудің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етудің заманауи тетіктерін енгізуге де жаңа мүмкіндіктер берері сөзсіз.

Жоба аясында Абай университеті қызметкерлерінің эндаумент-қорларды құру және басқару саласындағы құзыреттерін дамытуға, мониторинг жүргізудің заманауи цифрлық құралдарын енгізуге, сондай-ақ сарапшылар мен стратегиялық серіктестердің кәсіби желісін кеңейтуге ерекше мән беріледі.

 

«Abai University» медиа орталығы