29.09.2026
ТЕСТ ТАПСЫРМАЛАРЫН ӘЗІРЛЕУ ЖӘНЕ САРАПТАУ ТАҚЫРЫБЫНДА СЕМИНАР ӨТТІ
Бүгін Абай университетінде жоғары білім беру сапасын арттыруға, білім алушылардың оқу жетістіктерін объективті бағалауға және заманауи тестілеу жүйесін жетілдіруге бағытталған «Жоғары білім берудегі педагогикалық өлшеулер: тест тапсырмаларын әзірлеу мен сараптаудың әдістемелік негіздері» тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинары болып өтті. Семинарға университеттің оқытушы-профессорлары, факультет декандары мен білім сапасын бағалау және тестілеу бағытында жұмыс істейтін мамандар қатысты.
Тест тапсырмаларын дайындаудағы негізгі мәселелердің бірі – сұрақтардың оқу мақсаттарымен сәйкестендіру. Тапсырмалар білім алушының есте сақтау, түсіну, қолдану, талдау және бағалау сияқты танымдық деңгейлерін ескеріп құрастырылуы қажет. Тест тапсырмаларын әзірлеудегі тағы бір маңызды мәселе – сараптау кезеңінің жеткіліксіз жүргізілуі. Дайын тест тапсырмаларын қолданбас бұрын олардың мазмұны, күрделілігі, түсініктілігі сарапшылар тарапынан тексерілуі қажет. Сонымен қатар ол сапалы тест тапсырмасы оқу бағдарламасының мазмұнымен тығыз байланыста болуы керек, тапсырмаларды құрастыру кезінде білім алушыдан қандай нәтижесі күтілетіні нақты ескерілуі тиіс.
Семинар жоғары білім беру жүйесі үшін өте маңызды. Себебі тест арқылы білім алушылардың оқу нәтижелерін объективті, сенімді әрі валидті түрде бағалауға болады. Тестілеу оқытушыға студенттердің білім деңгейін анықтап, оқу үдерісіндегі кемшіліктерді уақытында түзетуге мүмкіндік береді.
Қазіргі заман талаптарына сай тест тапсырмалары тек теорияны жаттауды емес, білім алушының ойлау, талдау, салыстыру, мәселені шешу және білімін практикада қолдану қабілеттерін де бағалауы қажет. Сондықтан заманауи тесттер оқу бағдарламасына сәйкес, нақты, цифрлық білім беру ортасына бейімделген болуы тиіс.
Ғылыми-әдістемелік семинарды Академиялық мәселелер жөніндегі департаменттің директоры Еркін Жұманқұлова ашып, негізгі баяндаманы тестілеу орталығының меңгерушісі Гүлдана Бегимбетова жасады. Ол жоғары білім беру сапасын бағалауда қолданылатын негізгі тәсілдерге тоқталды.
Семинар аясында онлайн форматта Бурунди университеті Қолданбалы педагогика институтының зерттеушісі Oscar Ndayizeye сөз сөйлеп, «Teaching Objectives and Learning Activities» тақырыбында арнайы презентациясын ұсынды. Таныстырылымда оқу мақсаттары, оқыту әдістері және бағалау құралдарының өзара сабақтастығы айтылып, білім беру үдерісіндегі жүйелілік пен бірізділік жөнінде сөз болды. Сонымен қатар, тест тапсырмаларын қалыптастыру бойынша Ғылыми-әдістемелік зертхана меңгерушісі Жанна Орынтаева, Тестілеуді сүйемелдеу және талдау бөлімінің басшысы Дмитрий Борцов және осы салаға маманданған қызметкерлер – Ғалия Рустемова, Айкерим Ақымбаева, Ернұр Ешенов, Айтолқын Жұртыбай, Мағжан Төлеутаев және Айсанем Нұрмағамбетова қажетті ақпараттарды жеткізді.
Ғылыми-әдістемелік семинар барысында жоғары білім берудегі педагогикалық өлшеулердің негізгі бағыттары, білім сапасын бағалау тетіктері, тест тапсырмаларын әзірлеу қағидалары, тестілеу нәтижелерін талдау және тапсырмаларды сараптау мәселелері бойынша кеңінен мағлұмат берілді.
«Abai University» медиа орталығы