29.09.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒАЛЫМДАРЫ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА САБАҚ ӨТКІЗДІ
Алматыда жоғары оқу орны мен мектеп арасындағы ғылыми-әдістемелік
байланысты нығайтуға бағытталған «Ғалыммен сабақ: университет ғылымы – мектеп
оқушысына» жобасы басталды. Білім беру бастамасын Абай университетінің
ғалымдары мен әл-Фараби атындағы №145 мектеп-гимназиясы бірлесіп ұйымдастырды.
Сабаққа Алматы қаласы Бостандық ауданының 30 мектебінен қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімдері қатысты.
Іс-шара аясында Абай университетінің бес ғалымы мектеп оқушыларына қазақ
тілі мен әдебиеті пәндерінен тақырыптық сабақтар өткізді. Сабақтар дәстүрлі
форматпен шектелмей, оқушылардың зерттеушілік және сыни ойлау дағдыларын
дамытуға бағытталды. Оқушылар ғылыми сұрақтарға жауап іздеп, тілдік және әдеби
материалдарды талдап, өз ойларын дәлелді түрде жеткізуге және қорытынды жасауға
машықтанды. Атап айтқанда, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Раеева
Гүлзат 5-сынып оқушыларына «Фонетика: тіл дыбыстары және үндестік заңдылықтары»
тақырыбында сабақ өткізді. Ал филология ғылымдарының докторы, профессор
Ильясова Нағима 8-сынып оқушыларына «Морфология мен синтаксис: сөз тұлғасы мен
сөйлем құрылымының байланысы» тақырыбын түсіндірді.
Ұлы Абай шығармашылығы жайлы да танымдық тақырыптар оқушылар үшін қызықты.
PhD, аға оқытушы Иманғали Өркен 10-сынып оқушыларымен Мұхтар Әуезовтің «Абай
жолы» роман-эпопеясына арналған «Дәуір, кейіпкер және көркемдік таным»
тақырыбын талқылады. Филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған
профессор Сатемирова Дариға 8-сынып оқушыларына «Жыраулар поэзиясы: ұлттық рух,
тарихи жад және көркем сөз» тақырыбында сабақ өткізді. Ал филология
ғылымдарының кандидаты, доцент Оспан Еділбай 11-сынып оқушыларына эссе жазудың
құрылымы мен негізгі талаптарын түсіндіріп, «Эссе жазып үйренейік: тезис, дәлел
және қорытынды» тақырыбында практикалық сабақ ұйымдастырды.
Жобаның «Ғалымға сұрақ» форматына оқушылар ерекше құлшыныспен қатысты. Ғалымдарға
өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ғылыми тұрғыдан нақты жауаптар алды.
Мұндай формат оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, зерттеу
жұмыстарына ынтасын қалыптастыруға ықпал етері анық.
Іс-шараның тағы бір маңызды бөлігі – университет ғалымдары мен мектеп
мұғалімдерінің әдістемелік тәжірибе алмасуы. Кездесу барысында ғалымдар білім
беру үдерісіндегі заманауи әдістер, оқушылардың функционалдық сауаттылығын
арттыру, тіл мен әдебиетті оқытудың тиімді тәсілдері туралы дәріс оқыды.
Мектеп мұғалімдері үшін бұл жоба заманауи әдістемемен танысып, тәжірибе алмасуға
мүмкіндік берді. Университет ғалымдары өз кезегінде оқушылармен тікелей жұмыс
істеп, жас буынның қажеттілігі мен қызығушылығын тәжірибелік тұрғыдан ұғынып, еліміздің
білім беру мазмұнын ғылыми-теориялық жағынан жетілдіре түсуге деректі негіз
алды. Мұндай бірлескен бастамалар ғылым мен білімнің өзара ықпалдастығын
күшейтіп, сапалы білім берудің дамуына, келешекте білікті мамандар
қалыптастыруға өз үлесін қосады.
Жобаның негізгі мақсаты – мектеп оқушыларын ғылыми ізденіске баулу, жоғары
және орта білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ
педагогтардың кәсіби тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау. Алдағы уақытта бұл
жоба басқа да мектептерді қамтып, оқушылар мен мұғалімдер үшін тұрақты
ғылыми-әдістемелік алаңға айналады деп күтілуде.
«Abai University» медиа орталығы