29.09.2026
«АЛТЫН ОРДА: ТАРИХ LIVE» DIGITAL-ЖОБАСЫНЫҢ БАСТАЛУЫНА БЕС КҮН ҚАЛДЫ
Тарихты тек оқып қана қоймай, оны заманауи форматта сөйлететін уақыт
келді. Осы идеяны негізге алған Абай университетінде 5–16 қазан аралығында
студенттердің тарихи деректермен жұмыс істеу, зерттеу, талдау және ақпаратты
заманауи медиаформатта ұсыну дағдыларын дамытуға бағытталған «Алтын Орда: тарих
live» digital-жобасы өтеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын Орда – дала өркениетінің
үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумда
Алтын Орда мұрасының қазақ халқының тарихындағы маңызын атап өткен болатын. Осы
ретте Ұлы дала тарихындағы маңызды кезеңді ғылыми тұрғыдан зерделеп, оның
мазмұнын бүгінгі ұрпаққа заманауи тілмен жеткізу – білім мен ғылым кеңістігінің
маңызды міндеттерінің бірі. Бұл бағытта Абай университеті де өзіндік үлесін қосып келеді.
«Алтын Орда: тарих live» digital-жобасының басты мақсаты – Алтын Орда
тарихын ғылыми деректерге сүйене отырып, жас ұрпаққа түсінікті әрі қызықты
форматта таныту. Студенттер тарихи деректерді өз бетінше зерттеп, ақпаратты
саралап, оны әлеуметтік желі аудиториясына лайық шығармашылық форматта ұсынады. Тағы бір ерекшелігі – студенттердің тарихты дайын күйінде
қабылдамай, оны өз бетінше зерттеуінде жатыр. Қатысушы белгілі бір тақырып бойынша ақпарат іздеп қана қоймай,
дереккөздерді салыстырады, мәліметтің маңызын саралайды, тарихи оқиғаның мәнін
түсіндіреді және оны әлеуметтік желі аудиториясына лайық шығармашылық форматта дайындайды. Яғни студент бұл жобада тыңдаушы емес, зерттеуші,
контент авторы әрі тарихты жаңа тілде жеткізуші.
Жоба «7 күн – 7 тарих» челленджі негізінде ұйымдастырылады. Қатысушылар
«Бір тұлға», «Бір дерек», «Бір миф», «Бір орын», «Бір зат», «Бір оқиға» және
«Бір қорытынды» бағыттары бойынша Алтын Орда тарихын әр қырынан таныстырады. Бағыттар
аясында студенттер тарихи тұлғалар мен оқиғаларды, қалалар мен археологиялық
жәдігерлерді зерттеп, кең тараған тарихи түсініктерді саралайды. Сонымен қатар
мемлекеттік басқару, құқықтық мәдениет, экономика, сауда, қала мәдениеті, ғылым
мен рухани мұра мәселелеріне де назар аударылады. Осылайша, жоба студенттердің
зерттеушілік, шығармашылық және медиалық қабілеттерін қатар дамытуға мүмкіндік
береді. Қатысушы студент дайын ақпаратты қайталаумен шектелмей, тарихи
деректерді өз бетінше зерделеп, оны заманауи әрі креативті форматта беруі керек. Себебі тарих – өткен күннің ғана шежіресі емес. Ол –
ұлттың тарихи жады, ұрпақтың рухани тірегі және бүгінгі күнді түсінуге жол
ашатын темірқазық.
Жобаға қатысушы студенттер күн сайын берілген тақырыпқа сәйкес авторлық
контент әзірлеп, оны өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларында жариялауы
тиіс. Осы арқылы қатысушылар тарихи тақырыптарды зерттеп қана қоймай, өз ойын
заманауи медиақұралдар арқылы сауатты әрі шығармашылықпен жеткізу дағдыларын
қалыптастырады.
19–21 қазан аралығында байқаудың қорытынды кезеңі өтеді. Байқау
нәтижесінде үздік жұмыстар сараланып, ерекше шығармашылық ізденісі мен
мазмұндық сапасы жоғары жобалар арнайы номинациялар бойынша марапатталады.
«Abai University» медиа орталығы