ЖАСТАРҒА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ АЙТЫЛДЫ

   Бүгін Абай университетінде студенттерге арналған «Жемқорлыққа жол жоқ: таза қоғамға бір қадам» тақырыбында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы қаласы бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасымен семинар-тренинг өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін зияны мен зардаптарын түсіндіру, сондай-ақ студенттер бойында адалдық пен парасаттылық қағидаттарын қалыптастыру.

   Бүгінгі студент – ертеңгі маман, мемлекеттік қызметші, ұстаз немесе қоғамның басқа да салаларында еңбек ететін азамат. Сондықтан жоғары оқу орнында жүрген кезден бастап адалдық пен жауапкершілік құндылықтарын қалыптастырудың мәні зор. Өйткені қоғамдағы үлкен өзгерістер әр адамның күнделікті таңдауы мен ұстанымынан басталады. 

   Семинар-тренингті ашқан университет комплаенс қызметінің басшысы Құрманғазы Мадиев бүгінгі басқосудың мақсат-міндеті туралы баяндады. Одан кейін сөз алған басқарма бас маманы Мөлдір Серікқызы студенттерге сыбайлас жемқорлықтың негізгі түрлері, оның қоғам мен мемлекеттің дамуына тигізетін кері әсері туралы кең көлемде түсініктеме берді. Мамандар жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың негізі адамның күнделікті өмірдегі ұстанымынан басталатынын айтып, заң талаптарын білу, жауапкершілікті сезіну – жемқорлықтың алдын алудың маңызды алғышарттары екенін жеткізді. Студенттерге сыйлық беру мен қабылдауға қатысты мәселелерде де мұқият болу қажеттігін түсіндірді. 

   Күнделікті өмірде қалыпты жағдай ретінде қабылданатын қарапайым гүл, тәтті тағам немесе басқа да сыйлықтар белгілі бір жағдайларда құқықтық тұрғыдан мәселе туындатуы мүмкін. Сондықтан «кішкентай сыйлықтың еш зияны жоқ» деген түсінікке малданбай, кез келген жағдайда заң талаптарын ескеру құнды. Әсіресе сыйлықтың қызметтік міндеттерді орындауға, белгілі бір шешім қабылдауға немесе артықшылық беруге байланысты болуы құқықтық жауапкершілікке әкелуі ықтимал.

   Студенттер адалдық, әділдік, жауапкершілік және парасаттылық құндылықтарын күнделікті өмірде де ұстану қажет. Себебі сыбайлас жемқорлықпен күрес тек жауапкершілікке тартумен шектелмейді. Оның алдын алу, құқықтық сауатты болу және заңсыз әрекетке жол бермеу – әлдеқайда маңызды.

   Семинарда жемқорлықтың адам өмірі мен қоғамда туғызатын салдарын нақтылайтын бейнероликтер көрсетілді. Талқылау барысында мұндай әрекеттердің адам тағдырына ғана емес, қоғамдағы сенім мен азаматтардың құқықтарына да әсері жан-жақты сөз болды.

   Кездесуде студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарға да жауап алды. Жастарға кез келген жағдайда құқықтық тұрғыдан сауатты шешім қабылдау, күмәнді жағдайларда тиісті ақпарат пен ресми түсіндірмеге жүгінуге кеңес берілді.

   Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру – тек белгілі бір мекеменің немесе мемлекеттік органның міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік. Әділдікке сену, өз еңбегіңмен жетістікке ұмтылу, заңды құрметтеу және заңсыз әрекетке бейжай қарамау арқылы әр адам таза қоғам қалыптастыруға өз үлесін қоса алады. Мемлекет басшысы айтып жүрген «Адал азамат» принципінің негізі осында жатыр. 

   Таза әрі әділетті қоғам құру бір сәтте жүзеге аспайды. Ол әр адамның адал әрекетінен, саналы таңдауынан және заңға деген құрметінен басталады.

                                                                                                                                                                                                                                                                                           «Abai University» медиа орталығы