АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ «UI GREENMETRIC» РЕЙТИНГІНДЕ КӨШ БАСЫНДА

           Абай университеті «UI GreenMetric World University Rankings – 2026» жаһандық университеттер рейтингінде 308-орынды иеленіп, өткен жылмен салыстырғанда 48 орынға  жоғарылады. Яғни педагогикалық қара шаңырақ қатысушы санының артқанына қарамастан, экологиялық көрсеткішін  айтарлықтай жақсартып, әлемнің үздік 350 университеті қатарына енді.

«UI GreenMetric World University Rankings – 2026» жаһандық университеттер рейтингі – жоғары оқу орындарының экологиялық тұрақтылығы мен қоршаған ортаны қорғау, энергетиканы үнемдеу және тұрақты даму саласындағы жұмысына  бағалайды. Оған әлемнің 110 елінен 2016 жоғары оқу орны қатысады. 

Дүниежүзілік рейтинг қатарына биыл 271  университет жаңадан қосылған. Ал Қазақстан бойынша рейтингке 41 жоғары оқу орны еніп, отандық ЖОО-лар арасында Абай университеті 4-орынды иеленді.

Халықаралық рейтингтің бағалау әдістемесіне биылдан бастап өзгерістер енгізіліп, бағалау 7 негізгі бағыт бойынша жүргізілді. Олар: инфрақұрылым және экологиялық орта, энергия және климаттың өзгеруі, қалдықтарды басқару, суды пайдалану көлік, білім беру және зерттеу, сондай-ақ басқару және цифрландыру. Жаңа бағалау тәсілі университеттердің тұрақты даму бағытындағы инфрақұрылымдық шешімдерін, экологиялық бастамаларын, білім беру мен зерттеу қызметін кешенді түрде бағалауға мүмкіндік береді.

Бұл жетістік –  Абай универистетінің еліміздегі жетекші білім ордалары арасындағы экологиялық бастамалар мен жаңа цифрлық технологияларды енгізудегі көшбасшылық орнын айқындай түсті. Сонымен қатар жасыл орта қалыптастыру, энергия үнемдеу, қалдықтарды басқару бағыттары бойынша білім ордасының жаһандық экологиялық жауапкершілікті айрықша назарға алатынын көрсетеді.

 

«Abai University» медиа орталығы