ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ УНИВЕРСИТЕТТЕРІ КІТАПХАНАЛАРЫН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАСТЫРЫЛДЫ

Тамыз айының басында ҚХР Фучжоу қаласында «Трансформациядан интеграцияға: кітапханалар тұрақты дамудың инновациялық қозғаушы күші ретінде» (WAL 2026)  атты халықаралық форум өтті.  Дүние жүзінің 15 мемлекетінен 600-ден астам кітапхана өкілдері бас қосып, академиялық кітапханалардың болашағы жөнінде терең талдау жүргізді. Форумға Абай университеті Ғылыми кітапханасының директоры Нұргүл Имансыдықова да қатысып, әлемдік тәжірибелермен танысты. 

Қытайда өткен жиынды Халықаралық университеттік кітапханалар қауымдастығы (IATUL), Цинхуа университетінің кітапханасы, Гонконг университетінің кітапханасы және Tongfang Knowledge Network Digital Technology Co., Ltd. (CNKI) ұйымдары бірлесе ұйымдастырды. Іс-шарада әлемнің 15 елінен 600-ден астам кітапхана басшылары, сарапшылар мен ғалымдар жан-жақты пікір алмасып, терең ғылыми талдаулар жүргізді. 

Форум «1 негізгі сессия + 4 параллельді сессия» форматында өтті. Бұл құрылым бір мезгілде макродеңгейдегі стратегиялық диалогтарды өткізуге және жекелеген бағыттарды терең талқылауға мүмкіндік берді. Негізгі сессияда «Кітапханалардың тұрақты дамуы және қызмет көрсету модельдеріндегі инновациялар», «Жасанды интеллект дәуіріндегі академиялық кітапханаларды трансформациялау және қайта жаңғырту, кітапханалық экожүйені дамыту», «Жасанды интеллект ықпалындағы саларалық интеграция мен кітапханалардың тұрақты дамуының жаңа келбеті» атты маңызды тақырыптар қамтылды.

Параллельді сессияларда «Кітапханалардағы көшбасшылықты дамыту және кадрларды даярлау», «Идеядан іске асыруға дейін: ашық ғылымды ілгерілетудегі кітапханалардың жаңа бастамалары», «Ғылыми зерттеулерді қолдауды күшейтудегі академиялық ресурстардың рөлі» және «Заманауи жекеменшік жоғары оқу орындары кітапханаларының инновациялары мен даму стратегиялары» бағыттары сөз болды. Сарапшылар кітапханаларды тек білім ордасы емес, тұрақты дамудың заманауи инновациялық қозғалтқышына айналдыру механизмдерін қарастырды. Дәстүрлі форумның биылғы ерекшелігі – бағдарламаның 70 пайызға жуығы жасанды интеллект тақырыбына арналды.

Форум аясында Қазақстан мен Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының кітапханашылары арасында арнайы кездесу өтті. Кездесуде Абай атындағы ҚазҰПУ мен Сиань Цзяотун университеті кітапханаларының бірлескен жұмыс жоспары талқыланып, мамандардың халықаралық тәжірибе алмасуы туралы сөз болды. Айта кетейік, бұған дейін Абай университеті мен Сиань Цзяотун университеті ынтымақтастық орнатқан. Екі тарап меморандум аясында кітапханалардың академиялық және ғылыми басылымдарын арттыру және алмасу жөнінде уағдаласты. 

Сонымен қатар, Сиань Цзяотун университетінің цифрлық мүмкіндіктері таныстырылып, электрондық ресурстарды қалыптастыру, жасанды интеллект негізіндегі интеллектуалды сервистерді енгізу, мобильді кітапхананы дамыту бағытында цифрлық трансформация тәжірибесімен бөлісті. Тараптар «Жібек жолы» тақырыбына қатысты сирек кездесетін тарихи құжаттар мен бірегей қорларды цифрландыру мәселесін ортаға салды. Нәтижесінде Шэньси провинциясы ЖОО-ларының іздеу платформасына сүйене отырып, трансшекаралық құжат алмасудың бірыңғай цифрлық жүйесін құру туралы келісімге келді.

Халықаралық форум соңында «Жібек жолы университеттер альянсы» аясында кітапханааралық абонементті дамыту, мамандардың өзара сапарларын ұйымдастыру және бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу жоспары бекітілді. Бұл екі елдің «Бір белдеу, бір жол» жобасы шеңберіндегі академиялық және мәдени байланыстарын жаңа деңгейге көтермек.


«Abai University» медиа орталығы