13.08.2026
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖАҢА БЕЛЕСКЕ КӨТЕРІЛДІ
Бүгін Абай
университетіне Қытай Халық Республикасы Цзянсу Шетелдік байланыстар кеңесінің
өкілдерінің арнайы делегациясы
келді. Сапар барысында екі тарап өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол
қойып, Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру, ғылым және инновация
салаларындағы достық қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге бағытталған бірлескен
бастамалардың жоспарын бекітті.
Академиялық
серіктестікті нығайтуды көздеген ресми кездесуге екі тараптан да өкілетті
тұлғалар қатысты. Делегация құрамында Цзянсу провинциясы мен Нанкин қаласының
Шетелдік байланыстар кеңесінің басшылары мен мүшелері, Нанкин политехникалық
университетінің өкілдері, сондай-ақ өңірдегі жетекші технологиялық және баспа
компанияларының басшылары бар. Абай атындағы ҚазҰПУ
тарапынан кездесуге Академиялық
қызмет және Зерттеу қызметі мен инновация жөніндегі
проректорлар, факультет декандары мен департамент басшылары қатысып,
ұсыныстарын ортаға салды.
Жиын
барысында қонақтарға Абай университетінің тарихы, жетістіктері және Орталық
Азиядағы білім беру жүйесіндегі стратегиялық орны таныстырылды. Шетелдік делегация
басшысы Лю Бузцзянь өзі басқаратын қауымдастықтың қызмет бағыттарын баяндап,
екі ел арасындағы академиялық байланысты дамытып жүрген серіктестерге
ризашылығын білдірді. Ол өңірдегі жетекші оқу орнымен әріптестікті тереңдетіп,
ынтымақтастықтың дамытуға дайын екенін жеткізді.
Цзянсу
провинциясы – Қытайдағы білім беру, ғылым мен технология саласы қарқынды
дамыған, жоғары оқу орындарының саны және білім сапасы
бойынша жетекші
аймақтардың бірі. Бейжің мен Шанхайдан кейінгі негізгі академиялық хаб
саналатын бұл өңірде 175 ЖОО орналасқан және 3 миллионға жуық студент білім
алып жатыр. Олардың арасында қазақстандық жастардың да бар екенін атап өткен Лю
Бузцзянь Абай университетімен бірлескен оқу бағдарламаларын дайындау, жасанды интеллект
және ғылымдағы жаңа бағыттар бойынша жүйелі байланыс орнатуға ниетті.
Сонымен
қатар екі тарап Цзянсу провинциясының Шетелдік байланыстар
кеңесі құрамындағы ірі баспаханамен бірлесе отырып, Өнер факультетінің
«Полиграфия» мамандығы студенттеріне онлайн және оффлайн дәрістер ұйымдастыру,
магистранттардың аталған баспа орталығында өндірістік тәжірибеден өтуіне жағдай
жасау және бірлесіп кітап басып шығару мәселелерін талқылады. Бұдан бөлек,
«Аударма ісі» мамандығының оқу бағдарламасына қытай тілін тереңдетіп енгізу
бастамасы көтерілді.
Кездесуде
екі тарап өзара түсіністік пен әріптестікті айғақтайтын меморандумға қол қойып,
білім мен ғылым саласындағы байланыстарды жаңа белеске көтеруге уағдаласты.
«Abai
University» медиа орталығы