12 ТАМЫЗ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАСТАР КҮНІ

 12 тамыз – БҰҰ бекіткен Халықаралық жастар күні. Бүгінде ел халқының шамамен үштен бірі, яғни 5,8 миллионнан астамы жастар. Қазақстан Республикасы жастар саясатына қолдау көрсетіп отыр. Оның ішінде мемлекеттік басымдық саналатын адами капиталды дамыту аясында қазіргі жастарға білім алуға, ғылыммен айналысуға және инновациялық жобаларды жүзеге асыруға кең мүмкіндік ашылған.


Абай университетінде де бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі уақытта білім ордасында 22 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Университет басшылығы жастарды тек академиялық тұрғыдан шыңдап қана қоймай, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға, тың креативті идеяларын жүзеге асыруға қолайлы орта қалыптастырған.


Студенттерді шығармашылық жағынан қолдау мақсатында жастардың тұлғалық жан-жақты дамуына жағдай жасайтын 46 шығармашылық клуб, 10 спорттық үйірме, 4 театр мен 6 еріктілер ұйымы тұрақты жұмыс істейді. Университеттің барлық факультеттерінің студенттерін біріктіретін «Абай аруы мен сұлтаны» байқауы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, жастардың қызығушылығын арттырып келеді.


Оразалы Досбосынов атындағы жас ақындар орталығы бар. Мұнда студенттер өлең жазу машығын меңгеріп, ұлттық сөз өнерінің мәйегін бойына сіңіріп, әдеби талғамын қалыптастырады. Орталық шәкірттері халықаралық, республикалық деңгейдегі түрлі айтыс, мүшәйра мен әдеби байқауларда тұрақты түрде жеңімпаз болып, жүлделі орындарды иеленіп, шығармашылық ізденіс пен рухани сабақтастықтың биік үлгісін көрсетіп жүр.


Шығармашылық бастамалармен қатар, Абай атындағы ҚазҰПУ-да ғылымға құштар жастар мен жас ғалымдарды қолдауға ерекше мән беріледі. Осы бағытта жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Жас кәсіпкер» стартап-жобалар байқауын атап өтуге болады. Қомақты жүлде қоры бар бұл конкурстың басты мақсаты – кәсіпкерлік белсенділікті дамыту, сондай-ақ жас зерттеушілер мен оқытушы-профессорлар құрамын бизнес-жобаларды әзірлеп, іске асыруға ынталандыру. Жоба авторлары өздерінің қоғамға пайдалы, білім беру ісіне қолайлы бастамаларын қаржыландыру есебінен толыққанды жүзеге асыру мүмкіндігіне ие.


Бұдан бөлек, университетте жас зерттеушілердің ғылыми жобаларына арналған университетішілік грант конкурсы ұйымдастырылады. Аталған конкурс оқу орнының 2023–2029 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес, педагогикалық зерттеу университеті деңгейіне жету үшін ғылыми бағыттар мен кластерлерді айқындауды мақсат етеді. Гранттық қаржыландыруда орта білім беру мәселелеріне бағытталған пәнаралық зерттеулерге, білім беру технологияларындағы инновацияларға, оқытудың жаңа әдістерін әзірлеуге басымдық беріледі.


Сапалы білім, терең ғылым, шығармашылық пен инновацияны тоғыстырған Абай университеті жас ұрпақтың бойындағы әлеуетін толық жүзеге асыруына даңғыл жол ашып келеді. Елдің жарқын болашағын қалыптастыратын білімді де белсенді жастарды қолдау – оқу орнының тұрақты әрі басты басымдығы.

 

«Abai University» медиа орталығы