11.08.2026
ҚЫТАЙДА АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ФИЛИАЛЫН АШУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін Абай
университетінде Сиань Электрондық ғылымдар және технологиялар университеті
өкілдерімен кездесу өтті. Екі тарап көрші мемлекетте оқу орнының филиалын ашу
мәселелерін талқылады. Оқытушы-профессорлар құрамының академиялық ұтқырлық
аясында біліктілігін арттыру және педагогика мен жасанды интеллект бағыттары
бойынша білім беру туралы сөз болды.
«Чжунъи Чжэньдао (Бейжің)»
халықаралық білім беруді дамыту компаниясының Бас директоры Цзи Яньмин арнайы
іс-сапармен еліміздің үздік педагогикалық жоғары оқу орнына келді. Кездесуге
университеттің Зерттеу қызметі және инновациялар жөніндегі проректор Ертай
Сұлтан, Стратегия департаменті директоры Эльвира Таттибаева, Математика және
физика факультеті деканның ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық
жөніндегі орынбасары Алтынбек Мошқалов қатысты.
– Бүгінгі кездесу
Абай университетінің халықаралық аренадағы беделін көтеріп, педагогикалық білім
беру флагманы екенін тағы бір мәрте айқындайды. Қытайда оқу орнының филиалын
ашу және білім беру жүйесін қалыптастыру маңызды міндет. Бұл – екі ел
арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететіні анық, – деді проректор Ертай Сұлтан.
Кездесу барасында шетелдегі
филиалда магистратура деңгейінде оқу бағдарламалары мен оқытушы-профессорлар
құрамының академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша дәріс өткізіп, біліктілігін
арттыру мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ педагогикалық және жасанды интеллект
бағыты бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын ашу жоспарланып отыр.
– Шетелдік
педагогикалық университеттің Қытай Халық Республикасында филиалын ашу – біз
үшін үлкен мәртебе. Әсіресе педагогика саласындағы мамандардың кәсібилігін
арттыруға аса ықпалды жоба болмақ. Бірлескен білім беру бағдарламаларын құру
және магистратура деңгейінде оқыту жұмыстарын сәтті жүзеге асырамыз деп
сенемін, – деді халықаралық білім беруді дамыту компаниясының Бас
директоры Цзи Яньмин.
Жиын соңында екі тарап бірлесе
атқарылатын жұмыс жоспарын бекітіп, жол картасын әзірлеуге уағдаласты. Бұл
бастама Абай университетінің халықаралық білім беру кеңістігіндегі
ықпалдастығын кеңейтіп, шетелдік серіктестермен ұзақ мерзімді стратегиялық
байланысты дамытуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта жоспарланған жобалардың
кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы білім беру сапасын арттыруға және отандық
педагогикалық тәжірибені халықаралық деңгейде ілгерілетуге ықпал етпек.
«Abai University» медиа орталығы