11.08.2026
ҚЫТАЙ МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕДИАСАРАПШЫЛАРЫ ЫСТЫҚКӨЛДЕ БАС ҚОСТЫ
Ыстықкөлде өткен 14-ші Халықаралық журналистика және коммуникация жазғы мектебінде ҚХР, Орталық Азия елдерінің ғалымдары жасанды интеллект дәуірінде маман даярлау мен инновацияларды дамытудың медиапрактикасын талқылады. Жазғы мектептің басты ұйымдастырушылары – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Орталық Азия-Қытай журналистикасын зерттеу қауымдастығы. ЮНЕСКО-ның Жаһандық медиа және ақпараттық сауат апталығына арналған бұл шара «Adyrna.kz» ақпараттық агенттігі мен «Jananews.kz» порталының ақпараттық қолдауымен «Ақылды коммуникациялар: медиа және цифрлық сауат» тақырыбында өтті.
Жазғы мектепте фактчекинг, дереккөзді верификациялау, цифрлық гигиена және заманауи ақпараттық агенттіктердегі контент өндірісінің толық циклы қарастырылды. Сондай-ақ сарапшылар журналист тәжірибесінде Speech-to-Text сияқты ЖИ құралдарын қолдану, аударма сапасын арттыру, цифрлық мәдениет пен қауіпсіздік, медиасауаттылық арқылы журналистердің құқығын қорғау, сонымен бірге когнитивті төзімділік концепциялары мен ұлттық стратегияларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Шараны ашқан Сиань Цзяотун университетінің профессоры, Журналистика және жаңа медиа мектебі хатшысының орынбасары Фэнг У халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуда Орталық Азия мен Қытай ғалымдарының бірлескен зерттеулеріне тоқталып, жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамыған дәуірде цифрлық және медиасауатты арттырудың мәні жөнінде пікір білдірді. Оның ғылыми жетекшілігімен магистрант Цзябэй баяндама жасап, жаңа медиаплатформалардың даму трендтерін, цифрлық сторителлингтің ерекшеліктерін тақырыпқа тұздық етті.
Визуалды контент дайындаудағы медиаэтика мәселелеріне арналған шеберлік сыныбын Абай университетінің профессоры, саяси ғылымдардың докторы Гүлмира Сұлтанбаева өткізді. Ол медиадағы «визуалға бетбұру» (Visual Turn), қысқа видеолар (Reels, TikTok, Shorts) трендін және жасанды интеллект дәуіріндегі дезинформациямен күрес жолдарын талдады. Практикалық дәрістер қатарын SDU Университетінің қауымдастырылған профессоры Әйкерім Әлімжанованың авторлық бейнеконтент пен визуалды сторителлинг жасау методологиясы толықтырды. Ал «Adyrna» ұлттық порталының жетекшісі Арман Әубәкір жас мамандарды кәсіби бейімдеу мәселелері тақырыбында практикум жүргізіп, нақты кейстер арқылы заманауи ақпараттық агенттіктің жұмыс процесін егжей-тегжейлі ұсынды.
Орталық Азия елдерінің медиатәжірибесі мен аймақтық ерекшеліктеріне арналған сессиялар барысында өзекті практик-кейстер қаралды. Қырғызстандағы БАҚ шағымдарын қарау комиссиясының төрайымы Тамара Валиева жалған ақпаратпен күресте және журналистердің құқығын қорғауда медиасауаттылықтың рөлін ерекше атап өтті. К.Карасаев атындағы Бішкек мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі Әсел Эшимканова цифрлық мәдениет пен қауіпсіздік бойынша тренинг ұйымдастырды.
Тәжікстандағы Бохтар мемлекеттік университетінің доценті Дилором Махкамзода журналист тәжірибесіндегі ЖИ құралдарын пайдалану (Speech-to-Text, диалектілерді тану) және баспасөздегі аударма мәселелері туралы баяндама жасады. Ұлықбек атындағы Өзбек ұлттық университетінің профессоры Якутхон Маматова Өзбекстанның медиасауат жөніндегі Ұлттық стратегиясын және когнитивті төзімділік концепциясын таныстырды.
Абай университеті ұйытқы болған шарада сарапшылар академиялық зерттеулер мен практикалық тәжірибені үйлесімді түрде ұштастыруға арналған Халықаралық журналистика және коммуникация жазғы мектебінің жұмысына ризашылығын білдірді.
«Abai University» медиа орталығы