10.08.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҰЛЫ ХӘКІМДІ ҰЛЫҚТАУ РӘСІМІ ӨТТІ
Абай университетінде ұлы ақын,
ағартушы әрі ойшыл Абай Құнанбайұлының туған күніне орай дәстүрлі
мәдени-танымдық іс-шара өтіп, хәкім ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Ақынның
рухани мұрасын дәріптеуге бағытталған жиынға оқу орнының басшылығы, Алматы қаласы
Мәдениет басқармасының өкілдері, абайтанушы ғалымдар, оқытушы-профессорлар
құрамы мен студенттер қатысты.
Салтанатты шара Абайдың бай
рухани мұрасын кеңінен насихаттау, оның «Толық адам» ілімін жас ұрпақтың
санасына сіңіру мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шарада университет Басқарма
Төрағсы-Ректор Болат Тілеп қатысушыларды Абай күнімен құттықтап, бұл күннің оқу
орны үшін мәні мен маңызына тоқталды. Жаңа Конституцияда ғылым мен білімге
басымдық берілуін Абай мұрасымен байланыстыра отырып пікір білдірді. Жиынға
арнайы қатысқан Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев те
ұлы ақынның туған күніне орай жүрекжарды лебізін жеткізді.
Мерекелік басқосу аясында оқу
орнының бас ғимаратының алдында «Абай әлемі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Шара барысында белгілі абайтанушы Жабал Шойымбет ақын мұрасын зерттеуге және
оны кеңінен насихаттауға бағытталған еңбектерді, сондай-ақ Абай университетінің
бұл саладағы сәтті бастамаларын жұртшылыққа таныстырды. Бұдан бөлек, сөз өнерін
серік еткен жас ақындар көпшілік алдында ұлы ойшыл туралы ойларын арнау арқылы
жырмен кестеледі.
Бүгінде Абай атындағы ҚазҰПУ-да
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен гранттық және университетішілік
бес іргелі ғылыми-зерттеу жобалары жүзеге асып отыр. Олардың қатарында министрліктің
қос гранттық жобасы – «ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиетін мектеп оқушыларына оқыту
әдістемесі» мен «Современная интерпретация и перевод на русский язык назиданий
Абая» ғылыми-зерттеу бастамалары бар. Сонымен бірге университеттің «Абай 180:
Digital Renaissance» халықаралық жобасы, «Абай: ғаламдық цифрлық мұра»
интеграциялық жобасы және жас зерттеушілерге арналған «Толық адам 2.0: Абай
ілімі арқылы жаңа ұрпақты тәрбиелеу» бастамасы жемісті жұмыс істеп тұр. Аталған
іргелі жобалар арқылы Абай атындағы ҚазҰПУ абайтану ғылымын дамытуға және
рухани мұраны цифрландыруға қомақты үлес қосып келеді.
Сонымен қатар, еліміздің тұңғыш жоғары оқу орнында «AbaiLabs» ғылыми-инновациялық паркі, «Хакім Абай» ұлттық тәрбие орталығы және шет елдерде Абай орталықтары жұмыс істейді.
«Abai University»
медиа орталығы