«ABAI DIGITAL» – ЦИФРЛЫҚ ТРАНФОРМАЦИЯНЫҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

Абай университеті жаңа технологиялар дәуірінде білім беру құрылымын үнемі жетілдіріп, цифрлық трансформация бағытын жүйелі түрде дамытып келеді. Мәселен, «Abai Digital» платформасы оқу, басқару және қызмет көрсету үдерістерін бір жүйеге біріктіріп, университет кеңістігінде ортақ цифрлық орта қалыптастыруға жол ашып отыр. Әртүрлі ақпараттық модульдер өзара байланысып, мәлімет алмасу біріздендірілді. Бұл өзгеріс күнделікті жұмыстың қарқынын арттырып, басқару сапасына тың серпін беруде.

«Abai Digital» – білім беру, әкімшілік, кадрлық, ғылыми және инфрақұрылымдық бағыттарды біріктіретін кешенді платформа. Жобаның басты мақсаты – әртүрлі жүйелердегі үдерістерді ортақ база негізінде үйлестіру. Құжат айналымын жеңілдетіп, ақпараттық қолжетімділік  пен анализдеу процесі қалыптасты. Университеттің Цифрландыру жөніндегі проректоры Нұркен Мұсабаев аталған өзгерістердің маңызына тоқталды.

– «Abai Digital» платформасы оқу орнының құжат айналымын толыққанды цифрлық үдеріске көшіреді. Қағазға тәуелділік азайып, ақпаратқа тәуелді жұмыс жеделдейді. Мәліметтерді іздеу жеңілдеп, басқарушылық шешім қабылдауға қажетті талдамалық құралдар қолжетімді болмақ. Келесі қадам – аналитика, интеллектуалды іздеу және цифрлық көмекшілер үшін біртұтас, сенімді деректер жиынтығын құру. Сол арқылы цифрлық агенттер процестерді басқаруға және ақпараттық жүйелермен өзара әрекеттесуге көмектеседі, – дейді Нұркен Біржанұлы.

Проректордың сөзінше, жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Әрбір қосалқы жүйе әзірлеу, сынақтан өткізу және өндірістік қолданысқа енгізу сатыларынан өтеді. Алғашқы енгізілген «Қабылдау комиссиясы» сервисі өтініштерді тіркеу, құжаттарды өңдеу, сауалнамаларды толтыру, мәртебелерді бақылау және есеп дайындау жұмыстарын автоматтандырды. Нәтижесінде 2024 жылы портал арқылы 9 мыңнан астам өтініш тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 20 мыңнан асты. Бұл қабылдау науқаны кезінде мәліметті өңдеуді жеделдетіп, талдамалық мүмкіндіктерді кеңейтті.

Қазіргі таңда базалық ресурастар білім беру бағыттарын басқару ісінде де кеңінен қолданылады. Пәндер каталогы, оқу жоспарлары, жеке оқу траекториялары мен оқу жүктемесі бір орталықта қалыптастырылып, өзара байланыста жүзеге асады. Білім беру бағдарламаларын талдау департаментінің директоры Нұржамал Ошанова осы бағыттағы жұмыстың маңызын атап өтті.

– «Abai Digital» механизмі Жоғары білім берудің бірыңғай платформасымен толық интеграцияланған. Сайтта білім беру мазмұнының құрылымы, оқу нәтижелері, пәндер каталогы, жұмыс оқу жоспары және силлабустар қалыптастырылады. 2026-2027 оқу жылына арналған 50-ге жуық жаңартылған білім беру бағдарламасы осы жүйе арқылы Жоғары білім берудің бірыңғай платформасын жаңартуға жолданды. «Abai Digital» арқылы білім алушылар білім беру жоспарымен танысып, элективті пәндерді таңдап және жеке оқу жоспарын құруға мүмкіндік алады,  – дейді Нұржамал Тұрашқызы.

Алдағы уақытта «Abai Digital» аясында деректерді талдау, интеллектуалды іздеу және цифрлық көмекшілерді енгізу жоспарланып отыр. Университет кеңесі 2024–2029 жылдарға арналған платформаны дамыту бойынша жол картасын бекіткен. Бұл университеттегі үдерістердің тиімділігін арттырып, басқару мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бермек.

 «Abai University» медиа орталығы