УНИВЕРСИТЕТ ПРОФЕССОРЫ ҮРІМЖІДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕДИАФОРУМДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ

 Үрімжіде өткен Орталық Азиядағы коммуникация және медиа мәселелеріне арналған IV Халықаралық форумда Абай университетінің зерттеуші профессоры, саяси ғылымдар докторы Гүлмира Сұлтанбаева қатысып, жалған ақпаратпен күресудің цифрлық моделі туралы баяндама жасады. Ол ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранты аясында әзірленген RasInfo.kz платформасын таныстырып, шетелдік әріптестеріне ғылыми еңбектерін табыстады.


Халықаралық жиын Солтүстік-Батыс және Орталық Қытай журналистика мектептерінің басшыларымен қатар Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Таиланд және Ресейдің медиасарапшылары мен ғалымдарының басын қосты. Форум қатысушылары 2027 жылға жоспарланған «Қытай – Орталық Азия» ІІІ саммиті қарсаңында өңірлік ынтымақтастықты нығайту, цифрлық технологияларды дамыту, жасанды интеллект дәуіріндегі журналистік білім беру жүйесін жетілдіру және эмпатиялық коммуникация мәселелерін талқылады. Сала мамандары тарихи Жібек жолының заманауи коммуникативті мәдениет қалыптастырудағы символдық мәніне тоқталып, бейбітшілік, ашықтық пен инклюзивті білім беру құндылықтарын басты назарға алды.


Қазақстандық ғалым Гүлмира Сұлтанбаева өз баяндамасында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыру жобасы аясында орындалған зерттеу нәтижелерін ұсынды. Ол көп тілді ортадағы ақпараттық ағынды сүзгіден өткізуге арналған өңдеу алгоритмдері мен нейрожелілерге негізделген цифрлық модельді баяндап, ЮНЕСКО стандарттары бойынша медиа сауаттылыққа үйрететін RasInfo.kz платформасын таныстырды.


Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры іс-шара барысында Ухань университеті Журналистика және коммуникация факультетінің деканы Ву Шивэньге және Шыңжаң университетінің факультет деканы Цзинь Юйпинге өзінің ғылыми еңбектерін сыйға тартып, аталған кітаптар шетелдік кітапхана қорына табысталды.


Ғылыми алқалы жиында Қытай тарапының да өңірдегі медиаүрдістерге қатысты пайымдары ортаға салынды. Шыңжаң университетінің профессоры Ван Фэй АҚШ-тың Орталық Азиядағы медиа-қолдау бағдарламалары мен геосаяси бәсекелестік ықпалы туралы баяндама жасап, бұл бағыттың алдағы уақытта тереңдетіле зерттелетінін атап өтті.


Форум соңында қатысушылар оқу бағдарламаларын жасанды интеллектке бейімдеу, БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары аясында бірлескен медиа жобаларды жүзеге асыру және халықаралық академиялық сараптамалық алаңды ұдайы дамыту жөнінде уағдаласты.

 

«Abai University» медиа орталығы