27.07.2026
УНИВЕРСИТЕТ ТҮЛЕКТЕРІ 40 ЖЫЛДАН КЕЙІН БАС ҚОСТЫ
Бүгін Абай университетінің Филология факультетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша 1986 жылы тәмамдаған түлектердің 40 жылдық мерейтойлық кездесуі өтті. Қырық жыл бұрын білім нәрімен сусындап, үлкен өмірге қанат қаққан түлектер қара шаңыраққа қайта оралып, жастық шақтың жарқын күндері мен студенттік өмірдің естеліктерін еске алды. Мерейлі басқосуда түлектер білім ордасына деген құрметін білдіріп, университеттің Түлектер қауымдастығына қосылып, «Abai Endowment Fund» қорына қолдау көрсетті.
Осыдан қырық жыл бұрын оқу орнын тәмамдаған түлектер бүгінде
еліміздегі ғылым мен білімінің, мемлекеттік басқару мен кәсіпкерліктің түрлі
салаларында табысты еңбек етіп келеді. Олардың қатарында филология ғылымдарының
кандидаттары, профессорлар, ғылым саласының көрнекті өкілдері, еліміздің әр
өңірінде жас ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беріп жүрген ұлағатты
ұстаздар, мектеп директорлары, сондай-ақ табысты кәсіпкерлер бар.
Мерекелік жиынға түлектердің академиялық кураторы болған,
Абай университетінде 18 жыл сабақ берген, саясаткер, қоғам қайраткері Дос Көшім
мен Түлектер қауымдастығының жетекшісі Болатбек Нұрбатыров қатысты.
Кездесу барысында Дос Көшім түлектерге жүрекжарды лебізін
білдіріп, студенттік кезеңдегі жарқын естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ
шәкірттерінің әртүрлі салада абыройлы қызмет атқарып, ел дамуына өз үлестерін
қосқанын ерекше мақтанышпен атап өтті.
– Ұстаз үшін шәкіртінің өмірден өз орнын тауып, елге адал
қызмет етіп жүргенінен асқан бақыт жоқ. Сендердің бүгінгі жетістіктерің –
университетте алған білімдерің мен еңбектеріңнің жемісі. Қара шаңырақтан алған
тәлімдеріңді әрдайым қадірлеп, кейінгі буынға үлгі бола беріңдер. Арадағы
сыйластық пен байланыс ешқашан үзілмесін, – деді Дос Көшім.
Түлектер қауымдастығының жетекшісі Болатбек Нұрбатыров
қауымдастықтың университет пен түлектер арасындағы өзара байланысты нығайтудағы
рөліне тоқталды. Сондай-ақ жаңадан қосылған түлектерге мүшелік сертификаттарын
табыстап, қауымдастықтың негізгі бағыттары мен алдағы жобаларын таныстырды.
Түлектер атынан қазақ тілі теориясы және оқыту әдістемесі
кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ерсайын Молдасанов,
Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Тілдерді дамыту және ономастика
бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет, Абай облысы, Ақсуат ауданы, Ұштөбе ауылының
педагог-шебері, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Айжан Оралова сөз
сөйлеп, ұстазына құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты.
– Ұстазға деген алғыс – ешқашан таусылмайтын қастерлі сезім.
Сондықтан бүгінгі құрмет – барша түлектердің жүрекжарды ықыласының белгісі.
Қара шаңырағымыздың мерейі артып, биік белестерді бағындыра беруіне
тілектеспіз, – деді Ерсайын Молдасанов.
Кездесу соңында түлектер естелік суретке түсіп,
университеттің бүгінгі жетістіктерімен танысты. Мерейтойлық басқосу Абай
университеті мен оның түлектері арасындағы берік байланыстың, өзара құрмет пен
әріптестіктің айқын көрінісіне айналды.
«Abai University»
медиа орталығы