«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Бүгін Абай атындағы ҚазҰПУ қабырғасында «Әділет» партиясының сайлауалды штаб өкілдерімен кездесу өтті. Іс-шараға университеттің оқытушы-профессорлар құрамы, қызметкерлері мен белсенді жастары қатысты. Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым мен Бөріхан Нұрмұхамедов және А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, оның стратегиялық мақсаттары мен басымдықтарын жан-жақты баяндады.

Елімізде 23 тамыз күні өтетін «Құрылтай» сайлауына байланысты республика бойынша ресми партиялар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына кірісті. Соның ішінде «Әділет» партиясының өкілдері арнайы қара шаңырақ Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне ат басын бұрды. Оқу орнының оқытушы-профессорлар құрамы мен қызметкерлеріне және белсенді жастарына партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, стратегиялық басымдықтарын жеткізді. Кездесуде университеттің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау модераторлық етіп, «Құрылтай» сайлауының саяси мән-маңызына тоқталды.

«Әділет» партиясының өкілдері азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға, адами капиталды дамытуға, жастарды қолдауға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды айрықша атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға бағытталған партияның айқын мақсаттары мен міндеттеріне тоқталды.

– 15 наурызда өткен референдум нәтижесінде Қазақстанның Жаңа Конституциясы қабылданды. Жаңа Ата Заң аясында жасалатын алғашқы қадам, алдағы уақытта өтетін Құрылтай сайлауы болмақ. Барша партиялар аймақ-аймақты аралап, халықпен кездесулер өткізіп жатыр. Біз «Әділетті Қазақстан үшін» деген сайлауалды бағдарламаны дайындадық. Оның басты ерекшелігі – кабинетте жазылған құжат емес. Шын мәнінде, әртүрлі саланың сарапшылары бірлесе дайындаған маңызды құжат, – деді саясаттанушы Айдос Сарым.

Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өзекті мәселелерді талқылап, көпшілікті толғандырған сауалдарға жан-жақты жауап берілді. Кездесу соңында спикерлер қатысушыларға азаматтық ұстанымын белсенді көрсетіп, мазмұнды пікір алмасқаны үшін алғыс білдіріп, алдағы сайлауға әрбір азаматтың қатысуының маңыздылығын атап өтті.

«Abai University» медиа орталығы